Жаңалықтар

11.09.2021 (Обновлено: 12.01.2022 16:04)

ЕАЭО тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұмтылуда

Сочиде өткен «Жаңа экономикалық шынайылықтағы Ресейдің сүт саласының перспективалары» XVII Бүкілресейлік ғылыми-практикалық конференциясында Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті директорының орынбасары Татьяна Николаева Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қоятын жаңа міндетті талаптарын белгілеу туралы, сондай-ақ Одақтың техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық базасын жетілдіру жайында әңгімеледі. 


Ол дамудың неғұрлым маңызды және сезімтал бағыттарын ерекшелеп айтты. Мәселен, өнімді Одақ нарығына шығаруға рұқсат беру рәсіміне қатысты келгенде, Татьяна Николаева бүгінде нарықта сәйкестікті бағалау туралы негізсіз берілген құжаттар проблемасы бар екеніне назар аударды.

«Бір жағдайларда бұл сәйкестікті бағалау органдарының іс-қимылын бағалаудың тиісті механизмінің жоқтығымен байланысты болса, басқа ретте – аккредиттеу жүйесінің тиімділігін арттыру қажеттігін көрсетеді, үшінші жағдайда - алақол әзірлеушілердің қызметіне байланысты болады»,- деп атап өтті ол.

Панельдік сессиялар шеңберінде қатысушылар сүт саласының қазіргі бар, соның ішінде ЕАЭО тамақ өнімі техникалық регламенттерін іске асыру кезінде сүт өнімін өндірушілерде пайда болатын проблемаларын талқылады.

Тамақ өнімінің сәйкестігін бағалау ерекшеліктері, ЕАЭО техрегламенттері талаптарын орындауға мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру да сөз болды. Конференцияға ЕЭК-тің, Ресей мемлекеттік билігінің мүдделі органдарының, сүт саласының жетекші ғылыми салалық институттарының, сүт нарығының ресейлік және шетелдік талдаушыларының өкілдері қатысты.