Жаңалықтар

25.01.2023 (Обновлено: 31.01.2023 09:53)

ЕЭК-те ЕАЭО мемлекеттерінің сутек энергетикасы саласындағы ынтымақтастығының перспективалы бағыттарын дамыту жөніндегі шаралар мақұлданды

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы "Еуразиялық экономикалық одақта сутек энергетикасын дамытудың перспективалары жайындағы талдау қорытындылары туралы" баяндаманы мақұлдады және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің осы саладағы ынтымақтастығын дамытуға бағытталған ұсыным қабылдады. Құжаттар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытудың 2025 жылға дейінгі негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында дайындалған.

Баяндама сутекті өндірудің, тасымалдаудың, сақтаудың және қолданудың негізгі технологияларын кешенді талдау туралы ақпаратты; жекелеген елдердің мысалында сутек энергетикасы саласындағы әлемдік тәжірибеге, ЕАЭО мемлекеттеріндегі сутек энергетикасының даму үрдісіне шолуды қамтиды.

Құжатта сутек энергетикасын дамыту үшін ықтимал мүмкіндіктер мен тежегіш факторларды, Одақ елдеріндегі тиісті жобаларды талдауға ерекше назар аударылған. Сондай-ақ, саланың нормативтік-құқықтық базасының, елдің ресурстары мен әлеуетінің қалыптасу дәрежесін ескере отырып, әрбір мүше мемлекет үшін дамудың негізгі нүктелері мен мақсаттары белгіленді, мақсаттар айқындалды, саланы одан әрі дамыту бағыттары ұсынылды.

"Одақта сутек энергетикасын ілгерілету үшін біздің елдеріміздің ғылыми-техникалық кооперациясына жәрдемдесуге, жаңа әзірлемелерді, жиынтықтаушылардың тәжірибелік үлгілерін және дайын өнімді үш бағыт бойынша жасауға ерекше назар аудару қажет. Бұл - сутек өндірісі, сутекті тасымалдау, сақтау және (көлікте, өнеркәсіптік өндірісте) қолдану", — деп атап өтті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

 

 Ұсынымда ЕАЭО-ның сутек энергетикасы саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытудың АЭС-тің, шағын СЭС пен ЖЭК-тің электр энергиясын пайдалану есебінен суды электролиздеу әдісімен төмен көміртекті сутекті өндіру; көмірсутектерден әртүрлі әдістермен төмен көміртекті сутекті өндіру; сутекті сығу, сұйылту, сақтау және тасымалдау; сутек көлігі және оны қолдану үшін қажетті инфрақұрылым; қатты оксидті электролизерлер мен отын элементтеріне, сондай-ақ сутекті сақтаудың перспективалық технологияларын қолдануға арналған материалдар сияқты перспективалық бағыттары айқындалған.

Ұсынымды іске асыру Одақ мемлекеттерінің сутек энергетикасы саласындағы кооперациялық байланыстарын дамытуға, ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа, мүше мемлекеттердің түйінді сутек технологиялары мен жобалары бойынша тәжірибе алмасуына, бірлескен ғылыми зерттеулерді ынталандыруға және аталған саладағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары бойынша "бестік" елдері ұйымдарының күшімен технологияларды әзірлеуге ықпал ететін болады.

"Ұсынымды қабылдау - ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің сутек энергетикасы саласындағы кооперациялық өзара іс-қимылын жолға қоюдың бірінші қадамы", — деп атап көрсетті Артак Камалян.