тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Выберите язык
15.05.2023

ЕЭК-те көлік саласындағы интеграцияны дамытуды қамтамасыз ететін құжаттар қарастырылды

Көлік саясатының негізгі бағыттарын іске асыру мәселелері 15 мамырда Еуразиялық экономикалық комиссияның Көлік және инфрақұрылым жөніндегі консультативтік комитетінің отырысында қаралды.

Отырыста төрағалық еткен Көлік және инфрақұрылым департаменті директорының уақытша міндеттерін атқарушы Елена Валента қатысушыларға 2021-2023 жылдарға арналған жол картасына сәйкес жоспарлы түрде жүріп жатқан Еуразиялық экономикалық одақтағы интеграциялық жұмыс туралы хабарлады, құжаттардың жекелеген жобаларын дайындаудың ерекшеліктері мен проблемаларын белгіледі, сонымен қатар келесі үш жылдық кезеңге, яғни 2024-2026 жылға арналған жол картасын дайындау жөніндегі жұмыстың басталғаны туралы айтты.

Елена Валента жаңа жол картасының мазмұны ерекше назар аударуды қажет ететінін атап өтті, бұл құжат көлік саясатының кезеңдеріне сәйкес интеграциялық процестерді тереңдетуге бағытталуы керек.

Отырыста маңызды мәселелердің бірі азаматтық авиацияны дамыту болды. Олардың қатарында заңнаманы үндестіру бағыттары, әділ және адал бәсекелестікті қамтамасыз ету тәсілдері және әуе қатынасын кеңейту бар.

Комитет ұшу жарамдылығы және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында келісімдер жасасудың орындылығын, сондай-ақ ЕАЭО-да әуе көлігі қызметтерінің ортақ нарығын құру және оның қызметі жөніндегі халықаралық шартты әзірлеу мен жасасудың орындылығын бағалау тұрғысынан талдамалық жұмыстың қорытындылары бойынша дайындалған баяндамаларды мақұлдады.

Комитет отырысына қатысушылардың назары еуразиялық көлік дәліздерін дамытудың Кешенді жоспарының жобасымен жұмыс жүргізуге аударылды. Инфрақұрылымдық даму туралы құжат тараптар мен Комиссияның бірлесіп атқарған басымды қызметінің бірі болып табылады және көлік дәліздері мен маршруттарының бағыттары, тауар ағындарының логистикасы өзгерген жағдайда үйлестірілген өзара іс-әрекет мүмкіндіктері мен перспективаларын айқындауға арналған. 

Сондай-ақ, отырысқа қатысушылар ішкі кеме қатынасы, халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Іс-шараны аяқтай келе, Елена Валента Одақтың көлік кешендері интеграциясының өзекті мәселелерін жедел шешудің маңыздылығын атап өтті. Талқыланған бірқатар мәселелер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшылары кеңесі отырысының күн тәртібіне енгізілетін болады.