21 тамызда Куала – Лумпурда (Малайзия) Ресей-АСЕАН экономикасы бойынша аға лауазымды тұлғалардың консультациялары шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы (АСЕАН) арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы нәтижелері мен перспективаларын талқылау болып өтті. Еуразиялық экономикалық комиссия атынан ЕЭК Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Микаел Беллуян өкілдік етті.
ЕЭК өкілі ЕЭК пен АСЕАН арасындағы ынтымақтастықтың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асырудың қорытындысын шығарып, диалогты дамытудың жақсы серпінін және мұны одан әрі тереңдетудің жоғары әлеуетін атап өтті.
ЕЭК департаментінің директоры ЕЭК пен АСЕАН ынтымақтастығының 2026-2030 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы бойынша жұмыс туралы айтып берді."Осы жылы біз 2021-2025 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыруды аяқтаймыз. Бұл кезең ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Ынтымақтастықтың институционалдық базасы қалыптастырылды және күшейтілді, өзара іс-қимылдың жаңа форматтары мен механизмдері, соның ішінде ЕАЭО-АСЕАН күндері, салалық семинарлар, бизнес–диалогтың көшпелі сессиялары сыннан өтті", – деді Микаел Беллуян.
Микаел Беллуян АСЕАН Бас хатшысының орынбасары Сатвиндер Сингхпен орта мерзімді перспективаға арналған, соның ішінде ЕАЭО-ға АСЕАН жанындағы секторлық немесе диалогтық әріптес мәртебесін беру бағытындағы ынтымақтастық жоспарларын талқылады."Бұл құжатта ынтымақтастықтың сыннан өткен форматтарына да, салалық өзара іс-қимылды кеңейтуге де баса назар аударылған. Жаңа бағыттардың арасында ауыл шаруашылығы, бәсекелестік саясат пен құқық қолдану, трансшекаралық және халықаралық жүк тасымалы бар. Жаңа бағдарлама шеңберінде орнықты даму, цифрландыру, инновациялар мен технологиялық ілгерішілдік мәселелері бойынша диалогты дамытуға айрықша назар аударылатын болады", – деп түсіндірді ЕЭК Интеграцияны дамыту департаментінің басшысы.
Консультациялар алаңында ЕЭК-тің АСЕАН елдеріндегі әріптестерімен де жұмыс кездесулері болып өтті. ЕЭК штаб-пәтерінде Малайзия өкілдерімен осы елдің ресми топтары үшін өзара іс-қимылды рәсімилеу және ЕАЭО-ның таныстырылымын өткізу перспективалары талқыланды.
Индонезия делегациясымен Ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысын өткізу мәселелері пысықталды.