тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Выберите язык
16.04.2025

Валентин Татарицкий: "Балалар мен жасөспірімдерге арналған тауарлар ең қауіпсіз болуға тиіс"

Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Валентин Татарицкий Мәскеуде Балалар тауарлары индустриясының конгресінде балалар мен жасөспірімдер үшін өнімнің қауіпсіздігін арттыруды ұсынды. Ол мұндай тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің нарығында ең қауіпсіз болуға тиіс екеніне сенімді.

Конгресс алаңында бизнестің, сарапшылар қауымдастығының, мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері осы тақырып бойынша пікір ауысты, жұмыс тәжірибесін бөлісті. Валентин Татарицкий Комиссияның мүше мемлекеттермен бірлесіп ЕАЭО шеңберінде тиісті нормативтік базаны қалыптастыруы мен жетілдіруі жайында айтты. Оның сөзінше, одақтық құжаттарда өндірушілердің ойыншықтарды, киімді, аяқ киімді, басқа да балалар мен жасөспірімдер тауарларын өндіру кезіндегі қазіргі заманғы технологияларды қолдануы кеңірек көрініс табуға тиіс. Бұл жағдайда қауіпсіздік бірінші орында тұруы керек.

Әр бала қызықты да әдемі ойыншықты армандайды. Бірақ сыйлық оны және ата-анасын ренжітпеуі әрі денсаулыққа зиян тигізбеуі үшін, сатып алу кезінде өнімнің бірқатар сипаттамаларына назар аударған жөн. Атап айтқанда, белгіленген қауіпсіздік талаптарына сай келетін және белгілі бір жас критерийлерімен сәйкесетін материалына, пішініне, иісіне. Тіпті түстің де маңызы бар – ол баланың нақты әлем туралы түсінігін бұзбай, оны қорқытпау үшін жаратылысқа мүмкіндігінше жақындау болуға тиіс. Одақтың "Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінде барлық қажетті талаптар қамтылған.

ЕАЭО шеңберінде "Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы", "Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы", "Балалар ойын алаңдарына арналған жабдықтардың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенттері және басқа да негізгі қалаушы болып табылатын талаптар қолданылады.

ЕЭК министрі "балалардың психикалық денсаулығы мен когнитивті дамуына төнетін қатерді" ескеру үшін Одақтың тиісті техникалық регламенттеріне уақытылы және ғылыми негізделген түзету енізу қажеттігіне айрықша назар аударды.

"Техникалық регламенттер талаптарының техникалық табиғаты болады, бұл бізге оларды жеткілікті түрде айқын жолмен бағалауға (сынауға немесе өлшеуге) мүмкіндік береді. Сонымен бірге, балалар өнімі балалардың интеллектуалдық, адамгершілікті, эстетикалық дамуы үшін үлкен маңызға ие. Бірақ регламенттерде бұған әсер етуі мүмкін талаптар әлі жоқ", — деп атап өтті ЕЭК министрі.

Валентин Татарицкий балалар өнімдеріне, соның ішінде балалардың психикасына теріс әсер етпейтін цифрлық ойыншықтар мен жасанды интеллект ойыншықтарына қойылатын талаптарды белгілеу бөлігіндегі әртүрлі тәжірибені зерделеу жайында хабарлады. Ол Еуропалық одақтың "балалар өнімдеріне қатысты реттеушілікті қатаңдату жөніндегі" мысалына жан-жақты тоқталып, барлық мүдделі адамдарды осы тәжірибені ЕАЭО-да ықтимал пайдалану перспективасымен барынша мұқият бағалауға шақырды.

"Комиссия осыған ұқсас қызметтің біздің Одақта жүргізілуіне мүдделі. Оның үстіне, ЕАЭО құқығында техникалық талаптарды уақытылы және жедел түзету функционалы бар. Одақтың техникалық регламенттерін әзірлеу және оларға өзгерістер енгізу тәртібінің биыл қабылданған жаңа редакциясы осы құжаттардың және ҒЗЖ орындау қорытындылары бойынша Бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың жедел түзетілуін қамтамасыз етеді", — деп түйіндеді Валентин Татарицкий.