2 ақпанда Алматыда (Қазақстан Республикасы) тікелей форматта Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырысы өтеді.
Отырысқа Еуразиялық экономикалық одақ елдері үкіметтерінің басшылары – Еуразиялық үкіметаралық кеңестің мүшелері Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Қырғыз Республикасының Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысады.
Отырыстың күн тәртібінде ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамытудың ағымдағы жай-күйі мен перспективаларын, ЕАЭО-да электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарын, ЕАЭО елдерінің темір жолдарының интеграциялық өзара іс-қимылын талқылау жоспарланған.
Сонымен қатар Еуразиялық үкіметаралық кеңес ЕАЭО елдеріндегі макроэкономикалық ахуалды және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды қарайтын болады.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің «Еуразиялық агроэкспресс» ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікті жеделдетілген темір жол және мультимодальды тасымалдауды жүзеге асыру жөніндегі бірлескен жобасын іске асыру барысын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің көлік саласындағы басым интеграциялық инфрақұрылымдық жобалар тізбесіне өзгертулер енгізуді талқылау жоспарлануда.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Армения Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалық ететінін және бір жыл ішінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске, Еуразиялық үкіметаралық кеңеске және Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесіне төрағалық ететінін еске сала кеткен жөн.