Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министр Эмиль Кайкиев бастаған Еуразиялық экономикалық комиссияның делегациясы 12 сәуірде Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) басқармасы төрағасының орынбасары Тигран Саркисянмен көлік және энергетика саласындағы ынтымақтастықтың бағыттарын талқылады.
Кездесуде банктің Еуразиялық экономикалық одақтың көліктік инфрақұрылымдық жобаларын қаржыландыру, цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін және ортақ энергетикалық нарықтарын қалыптастыру мәселелері қаралды.
«Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарында интеграцияның басымдықтары ортақ энергетикалық нарықтарды қалыптастыру, биржалық сауданы дамыту, бәсекелестік қағидаттарында бірыңғай көлік кеңістігін құру, сондай-ақ Еуразиялық цифрлық экожүйені, соның ішінде Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып құру болып табылады деп белгіленген», — деді Эмиль Кайкиев.
«Банк Одақтың интеграциясына бағытталған жобаларға қатысуға дайын. Бүгінгі таңда ортақ көлік және энергетикалық нарықтарды цифрландыру архитектурасы бойынша мәселе пысықталуда», — деп атап өтті ЕАДБ басқармасы төрағасының орынбасары Тигран Саркисян.Бүгіннің өзінде цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін қалыптастыру жөніндегі бағдарламалық құжаттарды іске асыру жүруде. 11 сервисті іске қосу жоспарланған, олардың мақсаты – электрондық құжат айналымын және электрондық салмақ-көлем бақылау хаттамасын қолдану, ЕАЭО мемлекеттерінің автомобиль өткізу пункттеріндегі кезекті брондау. Цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесі көлік қызметтерін көрсету нарығына қатысушылар үшін бағдарламалық өнімдер мен ресурстарға кеңінен қол жеткізуге жағдай жасайды, Одақ елдеріндегі жүк ағынының артуына ықпал етеді.
Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру үшін энергетика және инфрақұрылым блогы өткізетін іс-шараларға банктің қатысу ниеті расталды.
Анықтама:
Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес 2020 жылғы 11 желтоқсанда бекітті.
Цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін қалыптастыру жөніндегі бағдарламалық құжаттар: ЕҮК-тің 2020 жылғы 31 қаңтардағы «ЕАЭО цифрлық көліктік дәліздерінің экожүйесін қалыптастыру туралы» № 4 өкімі, ЕЭК Кеңесінің 2020 жылғы 23 қарашадағы «ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін қалыптастыру мақсатында іске асырылатын сервистер мен цифрлық инфрақұрылымның тізбесі туралы» № 29 өкімі.