Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 2022 жылғы 31 тамызға дейінгі аралықта қантты бажсыз әкелу түрінде тарифтік жеңілдік беру туралы шешім қабылдады. Армения Республикасына әкелінетін көлемі 60 мың тоннадан аспайтын, Беларусь Республикасына әкелінетін көлемі 100 мың тоннадан аспайтын, Қазақстан Республикасына әкелінетін көлемі 250 мың тоннадан аспайтын, Қырғыз Республикасына әкелінетін көлемі 70 мың тоннадан аспайтын, Ресей Федерациясына әкелінетін көлемі 300 мың тоннадан аспайтын қант кедендік әкелу бажынан босатылады.
«Қант әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары болып табылады және оның бағасының өсуі басқа тамақ өнімдерінің құнына әсер етуі мүмкін. Өндірістің болжамдық теңгеріміне және құрамында қант бар өнімді тұтынуға сәйкес ЕАЭО-да алдағы кезеңде тапшылықтың пайда болуы мүмкін, осыған байланысты кедендік-тарифтік реттеудің жаңа шарасы қабылданып отыр»,- деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.
ЕЭК Алқасы Одақ мемлекеттерімен бірлесіп, әлемдік және келісімшарттық бағалар мен қантты тарифтік жеңілдік қолдана отырып әкелудің нақты көлемінің, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің ішкі нарығындағы өткізу көлемдерінің мониторингін жүзеге асырады. Нәтижесі 2022 жылғы наурыз-сәуірде Комиссия Кеңесіне баяндалатын болады. Бұл ретте мониторинг қорытындылары бойынша кедендік баж төлеуден босатыла отырып әкелу ЕАЭО БКТ сәйкес белгіленген баж деңгейін төмендетуге қарай өзгертілуі мүмкін. Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.
Анықтама:
ЕЭК Кеңесінің 2021 жылғы 23 сәуірдегі № 33 шешіміне сәйкес қантты бажсыз әкелу түрінде тарифтік жеңілдік 2021 жылғы 15 мамырдан бастап 30 қыркүйекке дейінгі аралықта да берілді. Армения Республикасына әкелінетін көлемі 22,4 мың тоннадан аспайтын, Қазақстан Республикасына әкелінетін көлемі 134,4 мың тоннадан аспайтын, Қырғыз Республикасына әкелінетін көлемі 40 мың тоннадан аспайтын, Ресей Федерациясына әкелінетін көлемі 350 мың тоннадан аспайтын қант кедендік әкелу бажынан босатылды.