Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Премьер-министрлері Еуразиялық экономикалық комиссияға Одақ елдерінің аккредиттеу саласындағы уәкілетті органдарымен бірлесіп таяу болашақта өңірде ЕАЭО мемлекеттерінің мүддесіне жұмыс істейтін Аккредиттеу жөніндегі өңірлік ұйым (АӨҰ) құру мәселесін кешенді пысықтауды тапсырды. Бұл бастаманы Қазақстан көтерді.
Үкіметаралық кеңес ЕАЭО мемлекеттерінің уәкілетті органдарының өңірлік ұйым арқылы халықаралық аренада аккредиттеу саласында елдердің мүддесін бірыңғай ұсына отырып, бірыңғай арнада жұмыс істеуге деген ұмтылысын қолдады.
АӨҰ құру үшін негіз қазірдің өзінде бар – бұл өңірдегі таяу көршілермен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен сауда-экономикалық әріптестік, ЕАЭО елдерінің тарихи қалыптасқан әрі пандемия жағдайында күшейе түскен интеграцияны тереңдетуге деген мүдделілігі, сол сияқты техникалық реттеудегі, соның ішінде ЕАЭО нарығында айналыстағы өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі талаптардың бірлігі.
«ЕАЭО нарығын қауіпті және контрафактілік өнімнен қорғау міндеті, аккредиттеуге және өнімнің берілетін құжаттар – сертификаттарға, декларацияларға сәйкестігін бағалау бойынша жүргізілетін жұмыстардың нәтижелеріне сенімді арттыру қажеттігі бізді аккредиттеу жөніндегі органдарымызды жайғастырудың және олардың Одақ елдерінің халықаралық сауда-экономикалық әріптестігіндегі рөлінің жаңа деңгейіне өтуге уәждейді», — деп түсіндіріп өтті ЕЭК министрі Виктор Назаренко.
Аккредиттеу жөніндегі өңірлік ұйымның қызметі ортақ мүдделерді білдіруге және ЕАЭО елдерінің аккредиттеу жөніндегі ұлттық органдарының халықаралық аренадағы беделін арттыруға, сондай-ақ олардың тығыз өзара ынтымақтастығын қамтамасыз етуге, аккредиттеу және құрылатын бірыңғай өңірлік алаңда сәйкестікті бағалау салаларындағы өзекті міндеттерді шешуге ықпал ететін болады.