18 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде ЕЭК кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов Ресей Федерациясындағы Қытай Халық Республикасы Елшілігінің кеден кеңесшісі Чжоу Вэньимен жұмыс кездесуін өткізді.
Тараптар ақпараттық алмасуды жолға қою, цифрлық кеденді дамыту, заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Кездесу барысында зияткерлік кеденге, навигациялық пломбаларды және «бір терезе» механизмін қолдануға ерекше назар аударылды. ЕАЭО мен Қытай Халық Республикасының ынтымақтастығы аясында үздік әлемдік тәжірибелерді, жіксіз транзитті ескере отырып, кедендік инфрақұрылымды дамыту перспективалары жеке талқыланды. Саудадағы статистикалық деректердің алшақтықтарын анықтау және азайту үшін ықтимал тәсілдер қарастырылды.
«Қытай ЕАЭО елдерінің маңызды сауда серіктесі болып табылады. Одақ пен Қытай арасындағы сындарлы өзара тиімді ынтымақтастықты құру Еуразиялық экономикалық комиссия үшін басым қызығушылық тудырады», — деп атап өтті Руслан Давыдов.
Кездесуге қатысушылар тәжірибе алмасуды кеңейтуге, ЕЭК, ЕАЭО мүше мемлекеттердің кеден қызметтері және ҚХР Бас кеден басқармасы өкілдерінің қатысуымен бірлескен оқыту іс-шаралары мен семинарлар өткізуге өзара ниетті екенін растады.
«Қазіргі заманғы нормативтік-құқықтық база негізінде жаңа цифрлық технологияларды пайдалану сауда рәсімдерін едәуір жеңілдетуге, тауарлардың «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» транзиттік дәліздері бойынша, оның ішінде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ілгерілету және оны Еуразиялық экономикалық одақпен ұштастыру шеңберінде жіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Руслан Давыдов қытайлық әріптестерімен әңгімелесу барысында.
Тараптар 2025 жылдың бірінші тоқсанында ЕАЭО мен ҚХР арасындағы Кедендік ынтымақтастық және сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі шағын комитеттің отырысын өткізуді, сондай-ақ басқа форматтағы байланыстарды дамытуды пысықтауға келісті.