Жаңалықтар

14.02.2025

ЕЭК пен АСЕАН Хатшылығы тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша бірлескен семинар өткізеді

Еуразиялық экономикалық комиссияның Санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар департаментінің директоры Владимир Синкевич пен Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы (АСЕАН) Хатшылығының бәсекелестік, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және зияткерлік меншік жөніндегі бөлімшесінің басшысы Танг Ван Луонг жұмыс кездесуі барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Владимир Синкевич атап өткендей, интеграциялық экономикалық бірлестіктерді қалыптастыру жағдайында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бірінші орынға шығады. Оның сөзінше, цифрлық экономика тұтынушы мен сатушының өзара іс-қимыл практикасына елеулі өзгерістер енгізіп жатқан қазіргі заманғы әлемде бұл саладағы халықаралық ынтымақтастықтың шешуші маңызы бар.

"Біздің өзара тиімді әріптестігімізді тереңдету тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша озық практикамен алмасу және ЕАЭО мен АСЕАН өңірлеріндегі тұтыну нарығында жайлы және тұрақты орта құру үшін бірегей мүмкіндіктер туғызады", — деп атап көрсетті Владимир Синкевич.

Кездесу қорытындысы бойынша бірінші бірлескен семинар өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, оның мақсаты – ЕАЭО және АСЕАН елдеріндегі тұтынушылар құқықтарын қорғау саласы бойынша тәжірибе және білім алмасу. Бұл оқиға әріптестік қатынастарды дамытудағы және тұтынушылардың құқықтарын, қауіпсіздігі мен игі саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күш-жігерді нығайтудағы маңызды қадам болады.