Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Валентин Татарицкий Эдинбургтегі (Шотландия) Халықаралық электротехникалық комиссияның (ХЭК) Бас ассамблеясының жұмысына қатысып, оның шеңберінде бірқатар жұмыс кездесуін өткізді.
Валентин Татарицкий мен ХЭК президенті Джо Копс техникалық реттеу және стандарттау саласында ХЭК пен ЕЭК арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асырудың бұдан арғы қадамдарын қарастырды. Тараптар тәжірибе алмасу және Халықаралық электр техникалық комиссияның оның стандарттарын қолдану бойынша консультациялар өткізуі туралы уағдаласты. Бұдан басқа, жаңа басым бағыттар бойынша стандарттауды бірлесіп дамыту, ХЭК сәйкестікті бағалау жүйелерінің жұмыс істеуі, стандарттау және сәйкестікті бағалау саласындағы өзекті мәселелер бойынша ЕАЭО елдері үшін ХЭК-вебинарларын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Валентин Татарицкий мен ХЭК вице-президенті – ХЭК Стандарттау жөніндегі кеңесінің басшысы Вимал Махиндрудың жұмыс кездесуі барысында техникалық регламенттердің стандарттардың тиісті тізбелеріне енгізілетін талаптарын орындау үшін ХЭК стандарттарын қолдану талқыланды.
"ЕАЭО техникалық регламенттерінің электр техникалық өнімге қойылатын талаптарын іске асыратын стандарттарды халықаралық және Еуропалық құжаттармен үндестіру деңгейі қазіргі уақытта 80%-дан асады. Ал мына сияқты кейбір салада – электромагниттік сыйысымдылық саласында – 85%, төмен вольтты жабдық саласында – 98%, энергия тиімділігі саласында – 100%", – деп атап өтті ЕЭК министрі.
Халықаралық электр техникалық комиссия (ХЭК) — электр, электрондық және сабақтас технологиялар саласындағы стандарттау жөніндегі халықаралық коммерциялық емес ұйым.
Оның құрамына ЕАЭО мемлекеттерін қоса, толық құқықты, қауымдастырылған және үлестес құқықтағы 160-тан астам ел кіреді.
2013 жылы ЕЭК пен ХЭК Еуразиялық экономикалық комиссия мен Халықаралық электр техникалық комиссия арасындағы техникалық реттеу және стандарттау саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Меморандумды іске асыру мақсатында ЕЭК Алқасының 2018 жылғы 16 қаңтардағы № 9 өкімімен ЕЭК және ХЭК-тің техникалық реттеу және стандарттау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі іс-шараларының жоспары мақұлданды.