Жаңалықтар

26.12.2024

ЕАЭО елдерінің басшылары бірыңғай қызметтер нарығының қызметін талқылады

26 желтоқсанда Ленинград облысында (РФ) өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық комиссияның бірыңғай қызметтер нарығының қызметі және бірлестік аясындағы қызметтердің жекелеген секторларын ырықтандыру туралы баяндамаларын қарады.

Бірыңғай қызметтер нарығының қызметі туралы баяндамада оны қалыптастырудың негізгі кезеңдері, ағымдағы ахуал баяндалған, ЕАЭО мемлекеттерінің қызмет жеткізушілерінің кедергісіз қол жеткізуі жолындағы жойылған кедергілер аталған. Бұдан басқа, бірыңғай қызметтер нарығын одан әрі дамыту үшін мүмкіндіктер айқындалды және Одақ елдерінің бизнесі үшін артықшылықтар белгіленді.

Баяндама қорытындылары бойынша жасалған ұсыныстарды Комиссия және қатысушы елдердің реттеушілері толыққанды бірыңғай нарықты қалыптастыруға ықпал ететін қызметтер саудасын ырықтандыру механизмдерін жетілдіру үшін пайдаланатын болады.

ЕЭК экономика және қаржы саясаты министрі Бақыт Сұлтанов құжатқа түсініктеме бере отырып, бүгінгі таңда ЕАЭО қызметтерінің бірыңғай нарығында 142 сектор бар екенін, бұл барлық қызмет көрсету секторларының шамамен 31% құрайтынын атап өтті.

«Бұл оның өсуі үшін әлеуетінің бар екендігін айғақтайды және ЕАЭО қызметтерінің бірыңғай нарығын қалыптастыру және оның толыққанды қызметін қамтамасыз ету жөніндегі одан әрі жұмыстың бағыттарын белгілеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ЕЭК министрі.

Ырықтандыру жоспарларын іске асыру туралы баяндама аясында туризм, метеорология, маркшейдерлік түсірілім, мүлікті бағалау, құрылыс жұмыстары және кинематография саласындағы қызметтер негізгі бағыттарға айналды.

18 сектор бойынша жоспарларды орындау нәтижесінде олардың 10-ы бірыңғай қызметтер нарығына ауыстырылды, ал тағы екі секторды – жерасты және жер үсті маркшейдерлік түсірілім қызметтерін ауыстыруды аяқтау соңғы сатыда тұр.

«Комиссия тағы сегіз сектордағы құзыретті органдар арасында әкімшілік ынтымақтастық туралы келісімдер жасасу үшін Одақ елдерімен белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Бұл ынтымақтастық осы секторлардың бірыңғай нарық режимінде табысты жұмыс істеуі үшін қосымша жағдайлар жасайды», – деп түйіндеді Бақыт Сұлтанов.