Еуразиялық экономикалық комиссия мен Өзбекстан Республикасының Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті өкілдерінің жұмыс кездесуінің негізгі тақырыбы өзара іс-қимыл салаларын кеңейту және тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетін дамыту болды.
Кездесу Өзбекстан Республикасының Үкіметі мен Комиссияның 2021-2023 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде өтті және өткен жылғы қазанда басталған диалогтың жалғасы болды. Өзбекстан делегациясын Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Фаррух Карабаев басқарды.
ЕЭК Санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар департаментінің директоры Наталья Жукова ЕАЭО-ның келісілген саясатының негізгі бағыттары және тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында Одақ елдері іске асырып жатқан түйінді құжаттар туралы айтып берді.
"ЕЭК-те Одақ жанындағы байқаушы мемлекеттерді ЕАЭО-ның халықаралық ынтымақтастығының барлық бағыты бойынша интеграция процестері туралы барынша хабардар ету үшін жағдайлар жасалған. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында тәжірибе алмасу үшін тиімді салалық алаң бейінді Консультативтік комитет болып табылады. Өзбекстан өкілдерінің оның жұмысына қатысуы ЕАЭО мемлекеттері мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Үкіметаралық және іскерлік байланыстарды одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ Еуразия өңірінің барлық елі үшін өзекті тұтынушылардың мүдделерін қорғау мәселенамасын сындарлы талқылауды дамытуға ықпал етеді", - деп атап өтті Наталья Жукова.
Өзбекстан өкілдері Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің жұмыс тәжірибесімен бөлісті, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы реттеу ерекшеліктері мен заңнамалық бастамалар туралы хабардар етті.
Жұмыс кездесуіне қатысушылар тұтыну нарығына қатысушылардың мүдделерінің теңгерімін сақтаудың неғұрлым маңызды аспектілерін, адал іскерлік практиканың қағидаттары мен критерийлерін ендіру тәжірибесін талқылады. Одақ елдерінің ішкі нарықта сенім кеңістігін қалыптастыруға, тұтынушы мен бизнес арасындағы өзара қарым-қатынастардың сауаттылығы мен мәдениетін арттыруға бағытталған жұмысы айрықша атап өтілді.
Ағымдағы экономикалық жағдаятты ескере отырып, тұтынушыларды қорғау мәселенамасы, сондай-ақ мүше мемлекеттердің Комиссия ұсынымдарында бекітілген электрондық саудадағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауға орайлас тәсілдемелері талқыланды.
Кездесуге қатысушылар Өзбекстан Республикасының Үкіметі мен ЕЭК арасындағы кезекті кезеңге арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын қалыптастыру үшін өзекті ұсыныстарды дайындау мақсатында күш-жігерді біріктіруге уағдаласты.
Анықтама
Өзбекстан Республикасының Үкіметі мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға 2021 жылғы 30 сәуірде Қазан қаласында қол қойылды.