Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Валентин Татарицкий Еуразиялық экономикалық одақтың Стандарттау жөніндегі мемлекеттік (ұлттық) органдары басшылары кеңесінің отырысына қатысты.
Талқылаудың түйінді тақырыбы ЕАЭО шеңберінде стандарттау саласын дамытудың жүйелі мәселелері, соның ішінде олардың тиімділігін арттыруға бағытталған техникалық реттеу және стандарттау саласындағы қолданыстағы құқықтық актілерге өзгерістер енгізудің орындылығы жайында болды.
Кеңес мүшелері Күшіне енген техникалық регламенттер мен оларға орайлас стандарттар тізбелерінің ғылыми-техникалық деңгейіне (ҒТД) міндетті мерзімдік бағалау жүргізудің қабылданған тәртібінің жоғары маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ осындай бағалауды практикалық іске асырудың тиімділігін арттыру бойынша одан әрі жұмыс жүргізуді қолдады.
"Күшіне енген техникалық регламенттер мен стандарттар тізбелерінің ғылыми-техникалық деңгейіне міндетті мерзімдік бағалау жүргізу мүмкіндігі қазірдің өзінде бар. Бұл зор жетістік. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны басшылыққа ала отырып, мұндай бағалаудың нәтижелерін практикада жүзеге асыруға болады. Алайда ҒТД-ға жүргізілген бағалаудың өзектілігін сақтау мақсатында техникалық регламенттер мен стандарттар тізбесіне өзгерістер енгізу рәсімдерін оңтайландыру туралы ойлану маңызды", – деп атап өтті Валентин Татарицкий.
ЕАЭО техникалық регламенттеріне орайлас мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу жөніндегі бағдарламаларды орындау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Олардың орындалуы туралы тараптар ұсынған ақпарат қаралды.
Кеңес мүшелері "Росстандарт"-тың мемлекетаралық стандарттарды қолданысқа енгізудің бірыңғай тәсілдемелерін белгілеуді көздейтін құжаттардың жобаларын дайындау жөніндегі жұмысын қолдады.
"ЕАЭО техникалық регламенттеріне орайлас стандарттар тізбесіне енгізуге жоспарланған мемлекетаралық стандарттарды біржолғы қолданысқа енгізу жөніндегі нақты механизмнің болуы, ықтимал олқылықтарды қоспағанда, техникалық регламенттер талаптарының іске асырылуын тиісті деңгейде қамтамасыз етуге көмектесетінін атап өткен маңызды", – деп атап өтті Валентин Татарицкий.
Кеңес Еуразиялық "бестік" елдерінің халықаралық нарықтардағы өнімдерінің қауіпсіздігі мен жоғары бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін қазіргі заманғы мемлекетаралық стандарттарды әзірлеуді үйлестіру үшін ЕАЭО-дағы тиімді алаң болып табылады.