ТМД Атқарушы комитеті мен Еуразиялық экономикалық комиссия 2030 жылға дейін көлік дәліздерін дамытуға бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспарын дайындауды жоспарлауда.
8 тамызда ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев пен ТМД ҮКК Атқарушы комитетінің төрағасы Геннадий Бессонов Комиссияның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үйлестіруші көлік кеңесінің (ҮКК) Атқарушы комитетімен ынтымақтастығын кеңейту туралы бастамасын талқылады.
Сондай-ақ ЕЭК-тің ТМД елдерінің аумағы бойынша өтетін халықаралық көлік дәліздерін келісіп дамыту туралы келісімге сәйкес әрекет ететін үйлестіру органдарының жұмысына қатысуы қаралды. Бұған дейін ЕЭК-тің мұндай бастамасын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі қолдаған болатын.
Кездесуге қатысушылар көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша ЕАЭО және ТМД шеңберінде атқарылған жұмыстарды атап өтіп, Еуразиялық көлік дәліздері мен ЕАЭО және ТМД елдерінің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін дамытуды үйлестіру жөніндегі ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірді.
"Біз көлік дәліздерін дамыту бойынша ортақ бір істі жасап жатырмыз және ЕЭК пен ТМД ҮКК күш-жігерін біріктіру арқылы одан да үлкен нәтижеге қол жеткізе аламыз", — деп атап көрсетті Арзыбек Кожошев.
Кездесуге қатысушылар ЕЭК пен ТМД Атқарушы комитеті арасында жасасылған қолданыстағы меморандумдарға сүйене отырып, сондай-ақ 2018 жылғы 27 қарашадағы ЕЭК пен ТМД Атқарушы комитеті арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын ескере келіп, бірлескен іс-шаралар жоспарын дайындау қажеттігі туралы уағдаласты.
"Бірлескен іс-шаралардың маңыздылығы және оларды орындау мерзімдері ЕАЭО мемлекеттің басшылары қол қойған "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясына сәйкес айқындалуға тиіс. Ол экономикалық процестерді ЕАЭО шеңберінде 2030 жылға дейін және 2045 жылға дейінгі кезеңге арнап одан әрі дамытуды көздейді", – деп айқындап айтып өтті ЕЭК министрі.
Кездесу қорытындысы бойынша 2030 жылға дейін көлік дәліздерін дамытуға бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспарын дайындау жөніндегі ниет туралы хаттамаға қол қою туралы шешім қабылданды.
Еске сала өтсек, ТМД елдерінің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін келісіп дамыту туралы келісімге 2009 жылғы 20 қарашада қол қойылды.