Жаңалықтар

06.10.2022 (Обновлено: 14.10.2022 15:28)

Бақытжан Сағынтаев: «Құрылыс саласы – ЕАЭО-дағы экономикалық және технологиялық дамудың драйвері»

6 қазанда Қазанда болып өткен Бірінші Еуразиялық құрылыс конгресінің отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың көрсетілетін қызметтер бірыңғай нарығының қалыптасуы мен жұмыс істеуінің және құрылыс саласында интеграциялық процестерді дамытудың мәселелері талқыланды. Форумда Комиссия атынан бейнеконференцбайланыс режимінде ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі.

Форумға қатысушылар ЕАЭО-ның бірыңғай құрылыс нарығының имплементациясы, оның жай-күйі және кеңейту перспективалары, Еуразиялық құрылысшы инженерлер федерациясын (ЕҚИФ) құру мәселелерін, сондай-ақ бүгінде сала өкілдері тап болып отырған сын-қатерлерді талқылады.

"Құрылыстық көрсетілетін қызметтер бірыңғай нарығының толық ауқымда жұмыс істеуі индустрияның серпінді дамуына ықпал етеді, құрылыстық көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігінің және көлемінің артуына алып келеді",- деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде.

ЕЭК министрі форумға қатысушыларды көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығының қалыптасуы мен кеңеюі, Одақтың цифрлық инвестициялық платформасының түпүлгісімен жұмыс, құрылыс ресурстарын тұтынуды болжау мен модельдеу жүйесі жайында хабардар етті.

Бақытжан Сағынтаев көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығын қамтамасыз ету мен дамыту, Комиссия ЕАЭО елдерімен бірлесіп іске асырып жатқан ағымдағы жағдайлардағы проблемаларды еңсеру жөнінде қабылданатын шаралар кешеніне назар аударуды ерекшелеп айтты.

"Бүгінгі күнге көптеген құрылыс жұмысы мен көрсетілетін жобалау қызметтерінің 83 түрі бірыңғай нарық форматына көшірілді. Біз құрылыстық, аралас және ілеспе көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығының кідіріссіз жұмыс істеуі мен кеңеюі, сондай-ақ өнеркәсіптік құрылыста ынтымақтастықты дамыту үшін жағдайлар қалыптастыруды жалғастырамыз",- деп атап көрсетті Бақытжан Сағынтаев.