Жаңалықтар

26.05.2022 (Обновлено: 15.06.2022 12:36)

ЕЭК ЕАЭО елдерінің көлік кешеніндегі технологиялық проблемаларды жоюға ниетті

Бұл туралы 26 мамырда Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Темирбек Асанбеков Еуразиялық экономикалық форумдағы «Көлік кешені — Еуразиялық экономикалық интеграцияның тірегі» панельдік сессиясында мәлімдеді. Оның сөзінше, форум байланыстар орнату, жаңа логистикалық маршруттар құру жөніндегі міндеттерді шешуге ықпал етеді.

 «Форумда қазіргі бар проблемаларды жою жөніндегі бірлескен жұмысқа бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылатын болады. Мұның бәрі технологиялық мәселелерді алып тастауға, нарыққа тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, бірлескен сауда көлемін арттыруға мүмкіндік береді», — деді Темирбек Асанбеков.  

Ол көлік кешенін темір жолдар мен автомобиль жолдарына сүйенетін көлік дәліздерін салу кезінде маңызды жұмыс күтіп тұрғанын атап көрсетті.

«Біз макроэкономикадағы өзгерістер аясында халықаралық тасымалдарды дамытудың жаңа парадигмасын қалыптастыруға, «есіктен есікке дейін» жеткізуді қамтамасыз етуде көліктің қандай түрі түйінді рөл атқаратынын анықтауға, «шекарасыз ұтқырлық» қағидаты бойынша жұмыс істейтін коммуникация жүйесін құру мүмкіндігін бағалауға үміттенеміз. Талқылау нәтижелері форумның панельдік сессиясының қарарына енгізілетін болады және біздің шарттық-құқықтық базамызды жетілдіруге, көлік саласындағы интеграциялық процестеріміздің одан әрі дамуын және үшінші елдермен өзара іс-қимыл кезінде халықаралық деңгейде жайғасу мүмкіндіктерін айқындауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті ЕЭК министрі. 

Қырғыз Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің орынбасары Алмаз Тургунбаев ЕАЭО елдерінде көлік мәселелері бойынша проблемалар бар екен мойындады, сол себепті 2025-Стратегиясында белгіленген жоспарларды іске асыра отырып, интеграцияда шынайы қадамдар жасау қажет.

«Қырғызстан – ҚХР жолының құрылысына қатысты келсек, бұл – перспективалы жоба және ол Қытай мен Еуропаны байланыстыруға тиіс. Қазір қандай да бір табыстар туралы айтуға ерте, егер бұл жоба іске қосылса, оның біздің республикамыздың және Одақтың басқа елдерінің экономикасын дамытуда секіріс болатынын жақсы түсінеміз», — деп атап көрсетті министрдің орынбасары.

Алмаз Тургунбаев Қырғызстан 2022 жылдың аяғына дейін темір жол құрылысының жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздемені аяқтау мақсатын алға қойып отырғанын хабарлады.

Қырғызстан Көлікминінің өкілі электрондық коммерцияны дамыту мәселесіне тоқталды. Ол теміржол көлігі бұл салада жақсартуға жетуге көмектесетінін атап өтті.

«Мұндай нарық Қырғызстанда енді дамып келеді, әзірге бәрі автокөлікпен жеткізілуде. Электрондық коммерцияның өсуіне байланысты теміржол тасымалдарының ықпал ету деңгейі өсе түседі», — деп түйіндеді Қырғызстан Көлік министрінің орынбасары.

Арменияның Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрінің орынбасары Армен Симонян ЕАЭО елдерінде «ашық аспан» режимін ендіру перспективалары және осы мәселедегі Армения тәжірибесі туралы айтты. Ол «ашық аспан» Арменияда 2012 жылдан бастап қолданылатынын, ал 2013 жылдан бастап жолаушылар ағыны күрт өскенін еске салып өтті.

«Жыл сайын жолаушылар ағыны 15% өсті, ал AirBus деректері бойынша халықаралық көрсеткіш 3,8% құрады. 2025 жылға қарай ЕАЭО елдерінде тіркелген әуе кемелері үшін тең жағдайлар жасау, сондай-ақ жиіліктер бойынша шектеулерді алып тастау қажет, өйткені бізде ЕАЭО ішіндегі жолаушылар ағынының белсенді өсуі жоспарланып отыр және бұл логистиканы жақсартуға алып келеді», — деп санайды ол. 

Министрдің орынбасарының пікірінше, ЕАЭО шеңберінде Армениядағы басымдықты бағыт — цифрлық көлік дәліздері.

Осыған байланысты Армен Симонян: «Бізде цифрлық көлік дәліздерінің құрылымын жасауға конкурс ашылды. Бұл логистикалық компанияларға тасымалдардың бүкіл тізбегін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Шын мәнінде, бұл жүк жөнелтушілер мен тапсырыс берушілер үшін маркетплейс құрады», — деп атап көрсетті. 

Пікірсайыс модераторы KAZLOGISTICS Қазақстан көлік қызметкерлері одағы төрағасының орынбасары Юрий Лавриненко болды. Сөз сөйлеу барысында ол қазір ЕАЭО-да өндірістік кооперация мен көлік логистикасын дамыту, өнеркәсіпті, көлікті, ауыл шаруашылығын бір мезгілде үйлестіру қажеттігі маңызды екенін атап өтті.

ЕЭК Хаттама және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі