Жаңалықтар

27 маусымның 2024 ЕАЭО елдері қаржылық қызметтер көрсету саласындағы заңнаманы үндестіруді талқылады 26-27 маусымда Ереванда Еуразиялық экономикалық комиссияның Қаржы нарықтары жөніндегі консультативтік комитетінде ортақ қаржы нарығына қатысушыларға қатысты талаптарды айқындайтын заңнаманы үндестіруге орайлас тәсілдемелер талқыланды. Отырыс ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтановтың төрағалық етуімен өтті. Жарғылық капитал мен меншікті қаражаттың мөлшерін қоса, нарықтың қатысушыларына қойылатын талаптарды біріздендіру, сондай-ақ кредиттік қатынастарды ресімдеу және ортақ қаржы нарығында қызметтер көрсету кезіндегі трансшекаралық өзара іс-қимыл жайы түйінді тақырыптар болды. "Банк және сақтандыру секторларында, бағалы қағаздар нарығында заңнаманы үндестіру Одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған. Қаржы нарықтарын реттеу мен қадағалаудың үндестірілген талаптарын белгілеу капиталдың еркін қозғалысы үшін маңызды шарттардың бірі болып табылады", – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов. Консультативтік комитет мүшелері сондай-ақ 2021 жылғы 21 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтермен алмасу тәртібі туралы келісімді іске асыру мәселелерін қарады. "Келісім қаржы нарықтарына қатысушылар арасындағы трансшекаралық өзара іс-қимылдың құқықтық негізін қалыптастырады, Одақтың басқа мемлекеттерінің аумағында орналасқан банктерге кредиттік ресурстар үшін жүгінген кезде біздің елдеріміздің резиденттеріне тең жағдайды қамтамасыз етеді және әлеуетті қарыз алушылардың кредиттік тәуекелін сәйкестендіру және бағалау үшін қолжетімді құралды ұсынады", – деп атап көрсетті ЕЭК министрі. Одақ мемлекеттерінің өзара саудасында ұлттық валюталарды пайдалану бойынша ұсынымдар, салық салудың жеңілдетілген режимін ұсынатын оффшорлық аймақтардың ұлттық тізбелерін үндестіру және Ресей Федерациясында брокерлік шоттар ашу талқыланған мәселелердің қатарына болды.
15 майдың 2024 ЕАЭО елдерінің салық органдары жаңа стандарттар бойынша ақпарат алмасатын болады 2009 жылғы 11 желтоқсандағы жанама салықтардың төленген сомалары бойынша Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің салық органдары арасында электрондық түрде ақпарат алмасу туралы хаттамаға енгізілген өзгертулер күшіне енді. Жаңадан енгізілген өзгертулерге сәйкес еуразиялық «бестік» елдерінің салық органдары арасындағы алмасу енді апта сайын жүзеге асырылады (бұрын онкүндік кезеңділік қолданыста болған). Сондай-ақ, үш күннен бір жұмыс күніне дейін форматты-логикалық бақылау хаттамаларымен алмасу мерзімі қысқартылды. Бұдан басқа, Хаттама жанама салықтардың сомалары туралы электрондық түрдегі ақпараттың құрамы мен құрылымына қойылатын талаптармен толықтырылды. Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтановтың айтуы бойынша енгізілген өзгертулер салық органдарының ақпараттық өзара іс-қимылының жеделдігін, салықтық бақылаудың тиімділігін және салық төлеушілердің қосылған құн салығы бойынша нөлдік мөлшерлемені қолданудың заңдылығы бойынша жиналған дәлелдемелік базаның сапасын арттыруға бағытталған (акциздерді төлеуден босату). «Жаңа шаралар өзара саудаға қатысушылардың тауарларды экспорттау, жанама салықтарды төлеу және ҚҚС нөлдік мөлшерлемесін қолдану фактісін растауды жеделдетуге мүмкіндік береді», – деді министр.
13 наурыздың 2024 ЕАЭО-да реттеудің бизнеске ықпалын бағалау үшін нормативтік құқықтық база қалыптастырылды Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 13 наурызда Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Комиссия қабылдаған шешімдердің кәсіпкерлікке нақтылы әсерін бағалауды (НӘБ) — жаңа рәсімді ендіру мәселелерін реттеді. Бұдан басқа, енді бизнеске реттеушілік әсерді бағалау (РӘБ) бұрынғыдай ЕЭК Алқасы шешімдерінің жобаларына ғана емес, ЕАЭО шеңберіндегі халықаралық шарттардың жобаларына да қатысты өткізілетін болады. "Бұл шешімнің қабылдануы Одақта бизнесті жүргізу жағдайларын ұлтүсті реттеудің әсерін бағалау рәсімдерін Комиссия жұмысының практикасына енгізу үшін қажетті нормативтік құқықтық базаны қалыптастыруды аяқтауға мүмкіндік берді. НӘБ-ті іске қосу және халықаралық шарттар жобаларына РӘБ-ті кеңейту Одақтағы реттеудің бүкіл өмірлік циклін бағалаумен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, рәсімдерді жүргізу нормативтік құқықтық актіні қабылдау мақсаттары мен оның өзіне әкелген әсері арасындағы өзара байланысты анықтауға мүмкіндік береді", — деп атап өтті ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов. Бақыт Сұлтановтың сөзінше, осы рәсімдерді ендіру "бестік" мемлекеттерінің бизнес-қоғамдастығы өкілдерінің ЕАЭО-да реттеуді қалыптастыру және жетілдіру процестеріне тартылуын арттырады. Анықтама ЕЭК қабылдаған шешімдердің НӘБ және ЕАЭО шеңберіндегі халықаралық шарттар жобаларының РӘБ рәсімдерін жүргізу қажеттігі 2022 жылғы 31 наурызда қол қойылған және 2024 жылғы 12 ақпаннан бастап күшіне енген ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы "II Үлкен" Хаттамада көзделген. ЕЭК қабылдаған шешімдердің НӘБ және ЕАЭО шеңберіндегі халықаралық шарттар жобаларының РӘБ рәсімдерін жүргізу тәртібі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2023 жылғы 25 желтоқсандағы № 23 шешімімен бекітілген, сондай-ақ 2024 жылғы 12 ақпаннан бастап күшіне енген ЕЭК-тің Жұмыс регламентіне өзгертулерде белгіленген.