Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен өткен "5+1" форматындағы кеңес барысында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің монополияға қарсы ведомстволарының басшылары ЕЭК-тің Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі сарапшылық кеңесін құру туралы бастамасын қолдады.
Іс-шара Ереванда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің 55-ші отырысы аясында өтті.
"Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік жөніндегі блогы мемлекеттік органдармен, ЕАЭО бизнес қоғамдастығымен тығыз өзара іс-қимыл жасайды. Алайда неғұрлым тиімді жұмыс істеу үшін бәсекелестік саласында маманданған тәуелсіз сарапшылар тарапынан Комиссияның қызметі мен бастамаларына баға алу қажет", – деп түсіндіріп өтті Бақыт Сұлтанов.
Кеңес құрамына бәсекелестік саласындағы тәуелсіз сарапшылық қоғамдастықтарының өкілдері және ЕАЭО елдерінің практикамен айналысатын заңгерлері кіреді деп жоспарлануда.
Кездесуде, бұдан өзге, ЕЭК-ке үшінші елдер субъектілерінің трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік қағидаларын бұзушылығының жолын кесу бойынша құзырет беру мәселелері, "Нарықты трансшекаралық нарыққа жатқызу критерийлерін қолдану туралы" баяндама, трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі туралы жыл сайынғы есепті мазмұнды толтыру тәсілдемелері және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
"5+1" форматындағы кеңестер жылына бірнеше рет Одақтың әртүрлі елінде өткізіледі және олар қазірдің өзінде ЕАЭО-ның бәсекелестік саясатының негіздері "туатын" алаңға айналды. Мұнда ұлттық және ұлтүсті құқық пен құқық қолдану практикасын жетілдіру мәселелерін талқылап қана қоймай, сонымен бірге бәсекелестікті қамтамасыз ету шараларын дамытудың жаңа тректерін айқындаймыз", – деді Бақыт Сұлтанов.
Комиссияның халықаралық тректегі бәсекелестік саласындағы жұмысы туралы кеңеске қатысушыларға ЕЭК Бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаменті директорының орынбасары Армине Акопян айтып берді. Ол Комиссияның бәсекелестік саласында өкілеттіктер берілген өңірлік интеграциялық ұйымдармен тұрақты негізде кездесулер өткізіп тұратынын атап өтті. ЕЭК-тің бастамасы бойынша өңірлік интеграциялық бірлестіктердегі бәсекелестік тақырыбы БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) жыл сайынғы сессиясының күн тәртібіне кіргізіледі.
Одақ еліндегі монополияға қарсы ведомстволар басшыларының кеңесіне ЕАЭО-дағы байқаушы елдің - Өзбекстан Республикасының Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері де қатысқанын атап өткен жөн. Сөз сөйлеу барысында олар өздерінің жаңалықтарымен – бәсекелестік ведомствосы жұмысының негізгі бағыттары бойынша ақпарат жинауды және талдауды жүргізетін цифрлық платформалармен бөлісті.