News

19.11.2021 (Обновлено: 29.03.2022 11:03)

18-19 қарашадағы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындылары

Еуразиялық экономикалық одақ елдері үкіметтерінің басшылары 18-19 қарашада Ереванда (Армения Республикасы) көзбе-көз форматта өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында 20 мәселені қарады.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес ЕАЭО мемлекеттерінің металлургия кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі 2021–2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.

ЕАЭО мемлекеттері үкіметтерінің басшылары Одақ мемлекеттерінің климаттық күн тәртібі шеңберіндегі позицияларын жақындастыру жөніндегі жұмыс барысы туралы ақпаратты тыңдады.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес ЕАЭО-да электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.

ЕАЭО мемлекеттері үкіметтерінің басшылары ЕАЭО шеңберіндегі биологиялық қауіпсіздіктің кейбір өзекті аспектілерін қарады. Оларға Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2021 жылғы 20 тамыздағы «ЕАЭО ішкі нарығындағы 2021-2022 жылдары жоюға жатқызылған алып қоюлар мен шектеулердің тізбесі туралы» №11 өкімін орындау барысы туралы ақпарат ұсынылды.

Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО елдерімен бірлесіп, Комиссияның бағалауы бойынша, техникалық реттеу, мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу, еңбек көші-қоны, ішкі нарық салаларындағы 14 кедергіні толық жоюға бағытталған 35 іс-шараны жүзеге асыру жұмысын жүргізуде.6 халықаралық шартты әзірлеу және Одақ органдарының әртүрлі деңгейдегі жүйелі шешімдерін қабылдау жұмысы жүргізілуде. Атап айтқанда, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттарды тануға, күшті әсер ететін заттардың айналымы мен мәдени құндылықтарға, кедендік әкелу баждарын алуға қатысты мәселелерді шешу алда тұр. Қазір Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарын сақтауға мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдемелері туралы келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдер өткізілуде.

ЕЭК үкімет басшыларына 2020 жылғы Одақтағы өзара сауданың жай-күйі туралы баяндады.Баяндамада өзара сауданың жай-күйін бағалау ұсынылған, тауар құрылымын талдау және COVID-19 пандемиясының өзара саудаға ықпалы туралы ақпарат берілген. Бұдан басқа, құжатта әрбір мемлекеттің сыртқы сауда қызметін дамыту ерекшеліктері талданған және көрсетілетін қызметтер саудасы туралы ақпарат ұсынылған.

Өзара сауда 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 11% дерлік қысқарды, мейлінше көп қысқару Ресейде, мейлінше аз қысқару Беларусьта байқалды. Бұл ретте өзара сауда сыртқы саудаға қарағанда аз дәрежеде зардап шекті.

Үкімет басшыларына ЕАЭО-ның және үшінші елдердің Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықты сатып алу бағдарламасына қатысудың тең жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері бойынша, Одақтың «Тамақ өнімінің қауіпсіздігі туралы» техрегламентіне тамақ өніміндегі ветеринариялық дәрілік заттарды бақылауға қатысты өзгерістермен жұмыстың барысы туралы баяндалды.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес Қазақстан Республикасының сериялық өнімнің шыққан жері туралы сертификаттар жүйесін оларға қатысты қолдану мүмкін болатын тауарлар номенклатурасын кеңейту жөніндегі бастамасын қолдады.

Үкіметаралық кеңес Комиссия дайындаған және Одақ мемлекеттерімен келісілген 2021-2022 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бірлескен болжамдарын, мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өнімі, азық-түлік, зығыр талшығы, тері-былғары шикізаты, мақта талшығы және жүн бойынша сұраныстары мен ұсыныстарының теңгерімін мақұлдады, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің стратегиялық маңызды дәрілермен және медициналық қолдануға арналған фармацевтикалық субстанциялармен қамтамасыз етілу деңгейін арттыру жөніндегі 2024 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын бекітті.

ЕАЭО елдері үкіметтерінің басшылары сондай-ақ ЕАЭО-да тасымалдарды қадағалап отыру үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді қарады.

Бұдан басқа, ЕҮК отырысында ЕАЭО шеңберінде кредиттік тарихтар құрамына кіретін мәліметтермен алмасу тәртібі туралы келісімге қол қойылды.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы 2022 жылғы қаңтардың соңы — ақпанның басында Алматыда (Қазақстан Республикасы) болады.

Отырысқа ЕҮК төрағасы, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің Төрағасы Акылбек Жапаров, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович, сондай-ақ Куба Республикасының Премьер-министрі Мануэль Марреро Крус, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Еуразиялық даму банкі басқармасының төрағасы Николай Подгузов қатысты.