Жаңалықтар

19.11.2021 (Обновлено: 29.03.2022 10:41)

Еуразиялық үкіметаралық кеңес Одақ елдерінің маңызды дәрілермен және фармсубстанциялармен қамтамасыз етілу деңгейін арттыру жоспарын бекітті

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің Еревандағы 18-19 қарашадағы отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің өндірісі ЕАЭО-да қамтамасыз етілуге тиіс стратегиялық маңызды дәрілік препараттармен және медициналық қолдануға арналған фармацевтикалық субстанциялармен қамтамасыз етілу деңгейін арттыру жөніндегі 2024 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Еуразиялық экономикалық комиссия жасалуына бастамашы болған бұл құжат Еуразиялық «бестік» мемлекеттері басшыларының тапсырмасы бойынша, Одақ елдерінің дәрі нарығының COVID-19 коронавирус инфекциясының пандемиясы кезеңінде ғана емес, сонымен бірге бұдан арғы перспективада тұрақты дамуы мақсатында әзірленді. 

«Жоспардың іс-шараларын іске асыру ЕАЭО елдерінде неғұрлым маңызды дәрілік препараттарды, вакциналарды және фармацевтикалық субстанцияларды өндірудің толық циклын құруға, сондай-ақ дамудың инновациялық векторын күшейтуге ықпал ететін болады. Біздің бастамамызды осындай жоғары деңгейде қолдау сыртқы нарықтардың турбуленттілігіне қарамастан, Одақ ішіндегі кооперациялық ынтымақтастықты тұрақты дамыту мен кеңейтудің арқасында ЕАЭО фармацевтика саласының жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді. Комиссия елдермен бірлесіп, Одақта бірінші кезекте өндіруді қамтамасыз ету қажет болатын дәрілер мен субстанциялардың тізбесін қалыптастырады», — деп мәлімдеді ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.
 

Артак Камалянның сөзінше, жоспарда бірқатар іс-шараларды іске асыру бағамдалуда. Бұлар — «Фармацевтика» бағыты бойынша Еуразиялық технологиялық платформаны қалыптастыру, Одақтың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау, тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын қолдану, дәрілік заттар мен фармацевтикалық субстанцияларды әзірлеудің, өндірудің және дистрибуциясының жекелеген кезеңдерін субсидиялау, кооперациялық жобаларды қаржыландыру мәселелерін пысықтау.

 

Жоспарды іске асыру сондай-ақ вакциналардың, соның ішінде коронавирусқа қарсы вакциналар өндірісін одан әрі дамытуға ықпал етеді.

 

Фарминдустрияны дамыту жөніндегі құжатты дайындауға салалық сарапшылар мен ғылыми ұйымдар сияқты, Арменияның, Беларусьтың, Қазақстанның, Қырғызстанның, Ресейдің фармацевтика бизнесінің өкілдері де қатысты.