ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Максат Мамытканов пен Ресей ФКҚ басшысының бірінші орынбасары Руслан Давыдов Еуразиялық экономикалық комиссия мен Федералдық кеден қызметінің өзара іс-қимылының неғұрлым өзекті, соның ішінде интернет-сауданы кедендік әкімшілендіру, Еуразиялық экономикалық одақта навигациялық пломбаларды қолдану және транзиттің бірыңғай жүйесін құру мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Комиссия Алқасы таяуда бекіткен, сыртқы электрондық сауда бойынша экспериментті практикалық іске асыруға бағытталған құжаттар пакеті сөз болды. ЕЭК-тің кедендік блогының ЕАЭО-да тасымалдарды қадағалап отыру үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім жобасы бойынша жүргізіп жатқан жұмысы талқыланды.
Тараптар ЕЭК-тің кедендік блогы мен Ресей ФКҚ-тің Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру жөніндегі бірлескен қызметін жандандыруды жақтап пікір білдірді.
«ЕЭК-тің кедендік блогының аса маңызды міндеті - Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру болып табылады, бұларда бірыңғай кедендік реттеуді қамтамасыз ету үшін кедендік әкімшілендіруді одан әрі біріздендірудің қағидатты векторлары айқындалған. Бұл Ресейді қоса, Одақтың барлық мемлекеті мүдделі болып отырған тауарларды өткізу кезіндегі проблемалық жағдаятарды барынша азайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Максат Мамытканов.
Руслан Давыдов ЕЭК-тің кедендік ынтымақтастық блогы алдағы уақытта да «Одақ шеңберінде интеграцияны дамыту мен біріздендірудің локомотиві ретінде бой көрсете береді» деген сенім білдірді.
Кездесуге қатысушылар қазір дайындалып жатқан халықаралық келісімдер мен ЕАЭО Кеден кодексіне түзетулердің кедендік реттеу саласында Одақ құқығын жетілдіруге көмектесетінін, реттеушілердің қызметін бұдан да тиімді ете түсетінін атап көрсетті.
Анықтама
Комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тауарлардың сыртқы электрондық саудасы саласында пилоттық жобаны (экспериментті) жүргізудің жекелеген мәселелері туралы» өкіміне сәйкес пилоттық жоба бойынша жұмыс 1 шілдеден бастап 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықта жүргізіледі. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 2021 жылғы 3 тамызда пилотты іске асыру үшін қажетті құжаттар пакетін бекітті. ЕЭК Алқасының 2020 жылғы 15 желтоқсандағы өкімімен ЕАЭО-да тасымалдарды қадағалап отыру үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім жобасы мақұлданды және ол МІК жүргізу үшін жіберілді.