Նորություններ

17.11.2021 (Обновлено: 09.03.2022 16:55)

ЕЭК пен Африка одағы өзара түсіністік туралы меморандумның қолданылуын ұзартуға және 2022 жылы бірлескен іс-шаралар өткізуге дайын

16 қарашадағы кездесуде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович пен Африка одағы Комиссиясының (АОК) Төрағасы Муса Факи Махамат ынтымақтастықтың алдағы перспективаларын, интеграциялық тәжірибе алмасуды және диалогты жандандыруды талқылады.


ЕЭК Алқасының Төрағасы ЕАЭО елдерінің Африка елдерімен сауда-экономикалық қатынастарының серпінді дамуын атап өтті және ЕАЭО-ның Африка одағымен (АО) диалогы оның халықаралық қызметінің ең маңызды бағыттарының бірі болып табылатынын атап көрсетті.

Михаил Мясникович 2018 жылы ЕАЭО-ның Африка мемлекеттерімен сауда айналымы рекордтық көрсеткішке — 21,7 млрд долларына жеткенін хабарлады. 2019-2020 жылдары оның деңгейінің біршама азайғанына (2020 жылдың қорытындысы бойынша 15,5 млрд долл.дейін) қарамастан, 2021 жылдың тоғыз айы ішінде сыртқы сауданың барлық көрсеткішінің өсімі қалпына келтірілді.

«Тауар айналымы жылдық есептеуде 40% дерлік артып, 13,5 млрд долларға жуықтады. Өсудің мұндай қарқыны біздің елдеріміздің арасындағы сауда көлемінің рекордты 2018 жылдың деңгейіне қол жеткізгені туралы айғақтайды. Алайда ЕАЭО-дан тыс елдермен сыртқы сауда көлемінде Африка одағының үлесі әзірге зор емес және 2%-ға жуық құрайды, бұл сыртқы сауданы өсірудің және интеграциялық өзара іс-қимылдың басқа бағыттарын кеңейтудің үлкен әлеуеті бар екенін айғақтайды», — деп атап өтті Михаил Мясникович.

 

ЕЭК Алқасы Төрағасының сөзінше, Еуразиялық экономикалық комиссия мен Африка одағы арасындағы экономикалық ынтымақтастық саласындағы 2019 жылғы қазанда қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум сауда-экономикалық өзара іс-қимылды іске асырудың механизмдерін айқындай отырып, оның бірқатар бағыты үшін мүмкіндіктер терезесін ашты.

 

Атап айтқанда, мұндай ынтымақтастықтың басымдықты салалары ретінде инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы; инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту; өңірлік экономикалық интеграция, сондай-ақ өзара мүдделілік білдірілетін өзге де салалар баса көрсетілген.

 

Меморандумның қолданылу мерзімі келесі жылғы қазанда аяқталатындығына байланысты Михаил Мясникович Африка одағына тиісті ноталар алмасу арқылы құжатты ұзарту рәсімін күні бұрын іске қосуды ұсынды.

 

Кездесу барысында тараптар сондай-ақ 2022 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарының жобасы бойынша ұсыныстарды, ЕАЭО-ның Африка одағымен диалогын одан әрі ілгерілету, бұл жұмысқа ресми де, іскер де топтарды қосу, ЕЭК-тің, Африка одағының және Африканың барлық субөңірлік интеграциялық бірлестіктері өкілдерінің жұмыс кездесуін ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

«ЕЭК-тің және Африка одағы Комиссиясының бірқатар, соның ішінде «Ресей — Африка» сияқты ірі саммиттер шеңберінде болып өткен бірлескен іс-шараларды ойдағыдай өткізген тәжірибесі бар. Біз интеграциялық сегментті қалыптастыру жөнінде бірлескен жұмыс жүргізіп, 2022 жылы «Ресей — Африка» саммиті бағдарламасы шеңберінде ортақ іс-шара ұйымдастыра алған болар едік», — деп Михаил Мясникович ұсыныс білдірді.
  

  

Алқа Төрағасының пікірінше, ЕЭК пен АО арасындағы меморандум, оны іске асыру жөніндегі жоспардың жобасы, сондай-ақ Ресей Федерациясы желісі бойынша ынтымақтастық үшін қалыптастырылған инфрақұрылым ЕЭК пен АОК диалогының бизнес-құрауышын дамыту үшін жақсы алғышарттар жасайды.

«Бұл процесте ЕАЭО-ның Іскерлік кеңесі айрықша орын алар еді, ол бес елдің бизнес-топтарын, соның ішінде Африкамен өзара іс-қимыл бойынша үздік ұлттық практикалардың таныстырылымы тұрғысында біріктіре алады. Іскер топтар арасында тәжірибе алмасуды жандандыру үшін бұл процеске африкалық бизнес-қауымдастықтарды қосуды ойлануды ұсынамыз», — деп мәлімдеді Михаил Мясникович.
  

 

ЕЭК Алқасының Төрағасы сондай-ақ Комиссиялар арасындағы, соның ішінде онлайн-форматта әртүрлі брифингтер мен семинарлар өткізу арқылы интеграциялық тәжірибе алмасу мүмкіндігіне назар аударды. Ол халықаралық алаңдарда ЕАЭО мен Африка одағына қатысушы елдердің бірлескен іс-шараларын ұйымдастырудың маңыздылығын атап көрсетті.

 

Муса Факи Махамат өз тарапынан көп миллион халқы бар екі интеграциялық бірлестіктің қатысушы елдерінің экономикалық әлеуетін жоғары бағалады және ЕАЭО мен Африка одағы арасындағы әріптестік қатынастарды одан әрі әртараптандыруға мүдделілік білдірді.

«Біз де Өзара түсіністік туралы меморандумды ұзарту қажеттігін көріп отырмыз және біздің бұдан арғы ынтымақтастығымыздың салаларын нақтылаған өте маңызды деп санаймыз. Алда тұрған 2022 жылғы «Ресей — Африка» саммиті — біздің одақтарымыз үшін оның аясында өз іс-шарамызды өткізудің, жақынырақ танысудың тамаша мүмкіндігі әрі бизнес-топтардың өкілдеріне бір-бірін жақсырақ білуге берілген мүмкіндік және ол біздің өзара іс-қимылымызды нығайта түседі. Африка континенті өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, электр энергетикасы, коммуникациялар саласындағы, қажетті инфрақұрылым құрудағы ынтымақтастық үшін көп мүмкіндік ашады. Біз екі одақтың игілігі жолындағы әріптестіктің әртүрлі нұсқаларын талқылауға дайынбыз», — деп түйіндеді Муса Факи Махамат.
  


Іс-шара қорытындысы бойынша Африка одағы Комиссиясының Төрағасы Еуразиялық экономикалық комиссияның Құрметті қонақтар кітабында жазуын қалдырды.

 

Анықтама:

Африка одағы — Африканың 1 миллиардқа жуық халқы бар 55 мемлекетін біріктіретін халықаралық үкіметаралық ұйым. Эфиопияның астанасы Аддис-Абебада орналасқан Африка одағының Комиссиясы оның өкілетті органы болып табылады. 2021 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша ЕАЭО-ның Африка елдеріне экспорты алдыңғы жылдың ұқсас кезеңінің деңгейімен қарағанда 10,7 млрд АҚШ долларына дейін өсті (+46,6%).

 

ЕАЭО елдерінің Африкадан импорты 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте 2,6 млрд долл. (+11%) құрады.

 

ЕАЭО елдерінің Африкаға экспортының 80%-дан астамы бес елге — Мысыр, Алжир, Марокко, ОАР және Сенегал елдеріне тура келеді.