Նորություններ

17.09.2021 (Обновлено: 07.02.2022 17:16)

ЕЭК Одақ мемлекеттерінің монополияға қарсы органдарымен бірлесіп цифрлық саладағы реттеуді жетілдіру тәсілдемелерін тұжырымдауда

Цифрлық нарықтардағы монополияға қарсы реттеудің ерекшеліктері, бәсекелестік артықшылықтарды алу құралы ретінде зияткерлік меншік объектілерін пайдалану, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының мониторингі шеңберінде монополияға қарсы органдардың өзара іс-қимылы және COVID-19 пандемиясы жағдайында бәсекелестіктің ықтимал бұзушылықтарын анықтау – осы және басқа да мәселелер ЕАЭО елдері бәсекелестік ведомстволары басшылары мен ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Арман Шаққалиевтың 16 қыркүйекте Ереванда өткен кездесуінің түйінді тақырыптары болды.

Мүше мемлекеттердің монополияға қарсы органдарының басшыларынан бөлек, кеңеске ЕАЭО жанындағы байқаушы елдер - Өзбекстан Республикасының Монополияға қарсы комитеті мен Кубаның Ресейдегі Елшілігінің өкілдері қатысты.

Комиссияның және ұлттық монополияға қарсы реттеушілердің цифрлық нарықтардағы өкілеттіктерінің аражігін ажырату талқыланды.Кеңеске қатысушылар атап өткендей, цифрлық нарықтарда монополияға қарсы реттеу практикасы енді қалыптасу үстінде және бүгінгі таңда мұндай нарықтардың географиялық және өнімдік шекарасын айқындаудың көпшілік таныған тәсілдемелері, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің өзара бірін бірі алмастыруы жоқ болып отыр.

Комиссияның құқық қолдану практикасы барысында ірі интернет-іздеу жүйелеріндегі жарнама қызметтерін көрсетуді, такси агрегаторлары сервисіне қол жеткізуді, мобильді құрылғылардың операциялық жүйелері базасындағы қосымшалар дүкендерін сөз ететін, соның ішінде қарастырылып отырған нарықтардың трансшекаралылығын айқындауға байланысты кейбір мәселелер анықталды.

Комиссия Одақ мемлекеттерінің монополияға қарсы органдарымен бірлесіп цифрлық ортадағы реттеуді жетілдіру тәсілдемелерін тұжырымдайды, оларды осы жылғы қазанда ЕЭК Кеңесінің қарауына шығару жоспарлануда.

Кездесуге қатысушылар Комиссияның монополияға қарсы блогы дайындаған «Зияткерлік меншікке айрықша құқықтарды пайдалана отырып қатынастарды монополияға қарсы реттеу» шолуын қарап, талқылады. Цифрлық нарықтардағы бәсекелестікті реттеу ерекшеліктеріне қатысты осыған ұқсас шолуды ағымдағы жылғы мамырда ЕЭК Алқасы цифрлық нарықтардағы бәсекелестік заңнамасының ережелерін қолдану мәселелерін шешудің құралы ретінде ұсынған еді.

«Цифрлық нарықтардың қалыптасуы, сондай-ақ бізге белгілі цифрлық платформалардың үстемдігі зияткерлік меншік объектілерін бәсекелестік артықшылықтарды алудың құралы ретінде пайдалану мәселелерімен ұштасқан. Сол себепті нарыққа қатысушылардың, соның ішінде құқық иеленушілердің, олардың бәсекелестері мен тұтынушыларының мүдделер теңгерімін іздеу бұл проблеманы реттеуге ұмтылудағы түйінді мәселелердің бірі болып табылады»,- деп атап өтті ЕЭК министрі шолу жобасын талқылау шеңберінде.

Кеңестің елеулі бөлігі COVID-19 пандемиясы жағдайында бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзушылықты анықтаудың өзекті мәселелеріне арналды. Қатысушылар пандемия жағдайында тұтыну нарығында баға тұрақтылығын ұстап тұруға бағытталған шаралар қабылдау жөніндегі ЕАЭО елдерінің тәжірибесін ортаға салды.

Тараптар «5+1» форматындағы кезекті кеңес 8 қазанда Алматыда өтеді деп уағдаласты, онда құқық қолдану практикасы мен ЕАЭО құқығын жетілдіру мәселелерін, картельдердің, соның ішінде тауар биржаларындағы дәлелдеме практикасын, дәрілік заттар нарығындағы бәсекелестікті сақтау мәселелерін талқылау жоспарлануда.