Құжатқа кірістірілген іс-шаралар автомобиль, әуе, теміржол және су көлігін дамыту ерекшеліктерін және бұл саладағы интеграциялық бірлестіктер үшін басымдықтарды ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережелерін көлік және инфрақұрылым мәселелері бойынша дамытады.
Жол картасы 50-ден астам позицияны кірістіреді, интеграцияның салалық даму басымдықтарын орын-орнына қояды және ЕАЭО елдеріндегі заңнамалық реттеуді жақындастыруға бағытталған. Мәселен, алда аралас және контейнерлік тасымалдарды дамыту, тауарлар және халықаралық тасымалдың көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат алмасуды ұйымдастыру жұмысы тұр.
Саланы цифрландыруға жеке көңіл бөлінген. Цифрлық логистика аспектілері және интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту, соның ішінде электрондық көлік құжаттарын ендіру бойынша ортақ тәсілдемелерді тұжырымдау сөз етіледі.
Құжатта әуе қатынасындағы шектеулерді 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен алып тастау және мүше мемлекеттерде азаматтық авиация саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынудың тең (кемсітпеушілік) жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар көзделген.
Еуразиялық көлік дәліздерін кешенді дамыту, ірі көлемді және ауыр салмақты көлік құралдарының қозғалысын бақылау механизмін жетілдіру, автомобиль көлігімен қауіпті жүктерді тасымалдауға және ауыр салмақты және (немесе) ірі көлемді көлік құралдарының жүріп өтуіне рұқсаттар алу жөніндегі рәсімдерді қадамдастыру, сондай-ақ кемелердің ішкі су жолдарымен өту тәртібін жетілдіру жөніндегі жұмыс та жалғастырылатын болады.
2021-2023 жылдарға арналған жол картасына кірістірілген іс-шаралар 2018-2020 жылдар кезеңіндегі жол карталарын іске асыру нәтижелеріне негізделген және Одақта бірыңғай көлік кеңістігі мен көрсетілетін көлік қызметтерінің ортақ нарығын қалыптастырудың қисынды жалғасы болып табылады. Бұларды орындау көліктің барлық түрімен тасымалдарды орындау кезіндегі қазіргі бар шектеулерді 2025 жылға дейін алып тастауға ықпал ететін болады.