Տառատեսակի չափը. A A A
Կայքի գույները. C C C
Գրանցում կայքը Մորացել
Выберите язык
07.06.2021

«ТИБО-2021» шеңберіндегі ІІІ Еуразиялық цифрлық форумында ЕАЭО цифрландыру мәселелері талқыланды

Минскідегі ІІІ Еуразиялық цифрлық форумы шеңберінде «ЕАЭО дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясы: перспективалар және жоспарлар» тақырыптық сессиясына қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық кеңістігін, цифрлық инфрақұрылымдар мен экожүйелерді қалыптастыру, сондай-ақ ЕАЭО-да бастамалар мен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Еуразиялық экономикалық комиссияның ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары Сергей Нестерович баяндама жасады. Ол цифрлық күн тәртібін іске асыру ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданумен шектелмейді, жаңа бизнес-процестерді, цифрлық модельдерді пайдалануды және әртүрлі салаларда, сондай-ақ кросс-салалық бөліністе цифрлық активтер құруды алдын ала болжайды.
«Цифрлық күн тәртібі бірнеше негізгі интеграциялық мақсаттарды қалыптастырады, оларға қол жеткізу үшін Одақ ішіндегі деректер айналымының сенімді моделін жасау қажет. Мұндай модельді қалыптастыру – ЕАЭО әртүрлі бағыттағы цифрлық кеңістігін әзірлеу шеңберінде цифрлық экожүйелермен және платформалармен ынталандырылатын болады», – деді Сергей Нестерович.

Оның айтуы бойынша, әртүрлі салалардағы қағидаларды үйлестіру осындай кеңістікті әзірлеу үшін сыни болып табылады, олар цифрлық экономиканы дамыту барысында елеулі өзгерістерге ұшырауы мүмкін.
Сергей Нестерович Одақ шеңберіндегі деректер айналымының жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы келісім жобасын әзірлеу, трансшекаралық сенім кеңістігін дамыту, атап айтқанда, сенім білдірілген үшінші тарап қызметінің куәландыру орталығын тәжірибелік пайдалануды дайындау және жүргізу, ЕАЭО-да тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін жетілдіру тақырыбын да қозғады.
Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдері Одақта іске асырылып жатқан цифрлық бастамалар мен жобалар туралы әңгімеледі. Атап айтқанда, ЕЭК техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті директорының орынбасары Виген Енокян «ЕАЭО шеңберіндегі цифрлық техникалық реттеу» жобасы бойынша кеңейтілген баяндама жасады. 2021 жылғы қаңтарда осы жобаны іске асыру туралы шешім қабылданғанын еске саламыз, оның негізгі мақсаты – өнімге қойылатын міндетті талаптарды қалыптастыру, техникалық реттеу саласындағы техникалық регламенттер мен халықаралық және өңірлік стандарттар тізбелерін әзірлеу процестерін цифрландыру.
«Жобада цифрлық техникалық реттеудің үш сервисін жасау көзделеді. Біріншісі техникалық регламенттер мен олардың стандарттарының тізбесін машинамен оқылатын форматта әзірлеу болып табылады. Екіншісі – Одақ шеңберінде оған қатысты міндетті талаптар белгіленетін бірыңғай тізбені қалыптастыру жөніндегі сервис. Үшіншісі – өнімнің міндетті талаптары туралы деректердің толық жиынтығын цифрлау жөніндегі сервис. Санамаланған барлық сервистер пайдаланушыларға өтеусіз негізде ұсынылатын болады», – деді Виген Енокян.

Нақты уақыт режиміндегі іздестіру жүйесінің көмегі жағдайында қандай да бір өнімнің талаптары туралы қажетті ақпаратты кәсіпкерлерге ұсыну жобаның маңызды міндеті болып табылады, олар оны одан әрі өнімді жобалау кезінде пайдалануы мүмкін.
Жобаны дамыту перспективалары туралы айта келіп, Виген Енокян оның өнімнің цифрлық сапа жүйесін қалыптастыруға арналған негізге айналуы, техникалық реттеу және жобаның функционалдығын кеңейту саласындағы ұлттық цифрлық сервистерді одан әрі интеграциялау үшін жағдайлар жасауы мүмкін екендігін атап өтті.
Жобаны 2023 жылға дейін бес кезеңде іске асыру жоспарлануда. Он мыңнан астам құжатты цифрлау міндеті тұр.
ЕЭК кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаментінің электрондық сауданы және тауарларды таңбалауды реттеу бөлімінің бастығы Илья Кабанов «Трансшекаралық электрондық сауда» туралы баяндама жасады. 
«Өткен жылдың ортасынан бастап Комиссия алаңында сыртқы электрондық сауда қағидалары мен шарттарын айқындау бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап мүше мемлекеттерде сыртқы электрондық сауда саласындағы пилоттық жобаларды жүргізу басталады, Одақтың нормативтік-құқықтық базасын пысықтау процесі аяқталады. ЕЭК Кеңесінің тиісті өкімі күшіне енді», – деді Илья Кабанов.

Оның айтуы бойынша, ЕАЭО Кеден кодексіне және ЕАЭО туралы шартқа сыртқы электрондық сауданы кедендік және техникалық реттеуге арналған базаны айқындайтын түзетулер пакеті іс жүзінде қалыптастырылды. Сонымен бір мезгілде Еуразиялық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясына сәйкес Одақтағы электрондық сауданы дамытудың қолайлы шарттарын жасау жөніндегі «жол картасын» дайындау басталды, ол сыртқы контурды да, ЕАЭО мемлекеттерінің арасындағы өзара электрондық сауданы да қозғайтын болады.
Тақырыптық сессияда «Шекарасыз жұмыс» бірдейлендірілген іздестіру жүйесі» жобасы туралы таныстырылым және ақпараттық ролик ұсынылды.
«1 шілдеде жобаны – ЕАЭО елдерінің алғашқы бірлескен цифрлық жобасын өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарланған», – деді ЕЭК Алқасы Төрағасының көмекшісі, цифрлық бастамаларды басқару офисі Айнұр Жетпісова.

Жобаны халықаралық және трансшекаралық қамтуға байланысты (оған Одақтың барлық бес елі қатысты) оны іске асыру кезінде жаңа ұйымдастыру механизмдері мен тәсілдемелері пайдаланылды. Бірінші кезекте жобаға қатысушылардың негізгі екі тобы айқындалды: ұлттық тапсырыс беруші-үйлестірушілер және ұлттық компоненттердің операторлары, олардың жұмысы үшін консорциум қалыптастырылды, оған Одақтың барлық елдерінің ұйымдары кірді.
«Жобаға бес ұлттық ақпараттық жүйе – олардың бос орындары базасы мен түйіндемесі қатысады. Барлық жүйелерге уәкілетті мемлекеттік органдар жетекшілік жасайды және сол арқылы ақпарат сенімділігінің жеткілікті жоғары деңгейі қамтамасыз етіледі, өйткені жүйелердің әрқайсысында ұлттық деңгейде деректерді тексеру жүргізіледі», – деді Айнұр Жетпісова.

Жобаның ерекшеліктерінің бірі онда бөлінген архитектектураның пайдаланылатыны болып табылады, яғни барлық бос орындар мен түйіндемелер базасы бірегей бірдейлендірілген интерфейс пен API негізінде қатысады және бір-бірімен өзара іс-қимыл жасасады. Жоба шеңберінде деректерді трансшекаралық беру және сақтау жүзеге асырылмайды. Бос орындар мен түйіндемелер туралы ақпарат пайдаланушы деректерді қарап отырған сәтте ғана web-браузерде көрінеді, ал барлық ақпарат тікелей ұлттық жүйелерде сақталады.
Жобаның ЕАЭО цифрлық күн тәртібі шеңберінде ЕАЭО мемлекеттерінің азаматтарын еңбекке орналастыруды және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін цифрлық экожүйені қалыптастыру бөлігінде іске асырылатынын атап өтеміз.
«Біз Одақтың цифрлық күн тәртібінің осы бағытын дамыту бойынша жұмысты жалғастырамыз. Өйткені біздің жаһандық мақсатымыз – сервистік сипатты иеленетін еңбекке орналастыру және жұмыспен қамту жөніндегі цифрлық экожүйе құру. «Шекарасыз жұмыс» жобасы – ол осы экожүйені құру бөлігіндегі алғашқы маңызды элемент», – деді Айнұр Жетпісова.

Сессияға сондай-ақ «БФТ» ЖШҚ стратегиялық әзірленімдер департаментінің бизнес-талдау басқармасының басшысы Илья Моисев, БР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің «ИТ орталығы» РБК директоры Татьяна Мацукевич, БР Стандарттау жөніндегі мемлекеттік комитетінің «БелГИСС» НПРУП директоры Александр Скуратов қатысты.
Мұның сыртында, «Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде цифрлық көлік дәліздерінің экожүйелерін қалыптастыру» және «Цифрлық көлік дәліздерінің көлік-логистикалық сервистері» тақырыптық сессияларының шеңберінде ЕЭК Алқасы Төрағасының көмекшісі Мирлан Омуралиев баяндама жасады.