Жаңалықтар

11.10.2021 (Обновлено: 16.02.2022 12:13)

Андрей Слепнев: «ЕАЭО мен Мысыр болашақ перспективада еркін сауда туралы келіссөздердің толық мәнді раундын өткізуге ниетті»

Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев Мысыр Араб Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, осы қызметтегі өз өкілеттіктерін аяқтағалы отырған Ихаб Насрмен кездесу өткізді және өз әріптесіне еркін сауда туралы келісіммен жұмысты қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.

«Бүгінде тараптар белсенді жұмыс істеуде және қараша-желтоқсанда келіссөздердің толық мәнді раундын өткізуге ниетті. Біз түйінді уағдаластықтардың бүкіл кешенін талдау мүмкіндігін көріп отырмыз»,- деп атап өтті Андрей Слепнев.

Осыған байланысты ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Мысыр экономикаларының комплиментарлығын атап көрсетті. Бұл өзара қолайлы шешімдер табуды тездетуге мүмкіндік береді.

Андрей Слепнев Мысырдың Африка континентінің өзінше бір қақпасы болып табылатынын да еске салып өтті. Осы себепке орай ол әріптестерін практикада тиісті мүмкіндіктерді іске асыруға шақырды.

«Қосып айтар болсам, Мысыр Африка континентіне ғана емес, сондай-ақ араб нарықтарына және қарсы жағынан Еуропалық одақ елдерінің нарықтарына кіретін қақпа. Ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл болашақ келісімге қатысушы алты елдің бәрінің де экономикасының серпінді әрі тез дамуына мүмкіндік береді деп ойлаймын»,- деп қорытындылады Ихаб Наср.

ЕЭК Сауда жөніндегі министрі қорытындылай келе, Елшіге алда да мансаптық табысқа жетуді тіледі және Мысыр тарапымен халықаралық сауда күн тәртібінің, мысалы, төмен көміртекті технологияларға көшу сияқты өзекті мәселелері бойынша жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға үміт білдірді.


Анықтама:

Мысырмен сауда 2021 жылдың бірінші жартысында өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 32,5% артты. Атап айтқанда, бұл кезеңде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Мысырға экспорты 40% дерлік (1,4-тен 1,95 млрд АҚШ долл.дейін) өсті, Мысырдан ЕАЭО-ға импорт 11% (437-ден 489 млн АҚШ долл.дейін) артты.