Бішкекте Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев пен Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрі Бакыт Сыдыков жұмыс кездесуін өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар ЕАЭО-да көлік және энергетика саласындағы интеграцияны дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Еуразиялық көлік дәліздерін дамытудың, цифрлық технологияларды ендірудің және энергия ресурстарының ортақ нарықтарын құрудың маңыздылығы атап өтілді.
"Тасымалдардың үздіксіз процестері мен жіксіз болуын қамтамасыз етудің, олардың қауіпсіздігін арттырудың, көлік құралдарының тоқтап қалу уақытын азайтудың және басқару қызметін автоматтандырудың объективті қажеттілігі нарық қатысушыларын интеллектуалды көлік жүйелерін белсенді ендіруге ынталандырады", – деп атап өтті Арзыбек Кожошев.
Сондай-ақ, министрлер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жобасының көлік және энергетика бөлігіндегі тармақтарын келісу барысын талқылады.