Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев пен Ресей Федерациясының Энергетика министрі Николай Шульгинов ортақ электр энергиясы, газ, мұнай және мұнай өнімдері нарықтарын қалыптастырудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ газ бен мұнай жөніндегі халықаралық шарттардың жобаларын дайындау барысын талқылады.
Іс-шара Мәскеуде Ресей Федерациясының Энергетика министрлігінде өтті.
Кездесу барысында Арзыбек Кожошев мұнай-газ саласында халықаралық шарттарды тезірек қабылдаудың маңыздылығын атап көрсетті. Ол сондай-ақ энергия ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарттарды дайындау кезіндегі Еуразиялық одақ елдерінің өзара іс-қимылының жоғары деңгейін атап өтті.
Анықтама
ЕЭК Кеңесі 2022 жылғы 23 қыркүйектегі отырысында Одақтың ортақ газ, мұнай және мұнай өнімдері нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарттардың жобаларын дайындау барысы және бұлар бойынша келіспеушіліктер туралы мәселені қарайды.