тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Выберите язык
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 6620

04 маусымның 2025 Арзыбек Кожошев: "ЕАЭО мен АСЕАН-ның тиімді өзара іс-қимылы – Еуразиядағы логистиканы дамытудың драйвері" "Трансшекаралық құрлықтық тасымалдарды жүзеге асыру және оларды тиісті реттеу саласындағы тәжірибе ауысу" деп аталатын ЕЭК-АСЕАН кездесуіне қатысушылар ЕАЭО мен АСЕАН-дағы көлік саласындағы интеграцияны дамыту тәжірибесін және оның перспективаларын талқылады. Іс-шара ЕЭК-тің Мәскеудегі штаб-пәтері мен Джакартадағы (Малайзия) АСЕАН Хатшылығы арасындағы телекөпір режімінде болып өтті. ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев семинарды ашып, ілтифат лебізін білдірді. "ЕАЭО және АСЕАН елдері бірегей географиялық және геоэкономикалық жағдайға, жоғары транзиттік және өнеркәсіптік әлеуетке ие. Оңтүстік Шығыс Азияның белсенді дамып келе жатқан нарықтарын және көлік-логистика жеткізілімдерінің өзгеруін ескере отырып, логистикалық хабтарды құру және көлік дәліздерін, мультимодальды көлікті дамыту үшін күш-жігерді үйлестіру маңызды міндет болып табылады", — деп атап өтті Арзыбек Кожошев. Семинарға қатысушылар интеграциялық бірлестіктердегі көлік саласын реттеудің институционалдық негіздері, интеграциялық процестердің қазіргі заманғы трендтері туралы ақпарат берді, сондай-ақ көлік саласындағы цифрландырудың нәтижелері мен перспективалық бағыттарын, инфрақұрылым мен логистиканы дамытуды талқылады. ЕЭК Көлік және инфрақұрылым департаментінің директоры Рустан Женалинов ЕАЭО-да көлік саласындағы интеграцияны дамыту жөніндегі жұмыс және қол жеткізілген нәтижелер туралы ақпарат бере отырып сөз сөйледі. Сондай-ақ, іс-шарада Біріккен көлік-логистика компаниясы — Еуразиялық теміржол альянсының, Халықаралық автомобиль көлігі одағының, АСЕАН Хатшылығының және АСЕАН елдері Көлік министрліктерінің өкілдері сөз сөйледі.
03 маусымның 2025 Динара Мұқаева ЕЭК-тің Монополияға қарсы реттеу департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды Динара Бақытқызы Мұқаева 1987 жылы Қазақстанның Алматы облысында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін "Халықаралық құқық" мамандығы бойынша бітірген. 2008-2020 жылдары Қазақстан Республикасының монополияға қарсы органдары жүйесінде әртүрлі лауазымда жұмыс істеді. 2020-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің картельдерге қарсы күрес басқармасын басқарды. 2022-2025 жылдары Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Абай облысы бойынша аумақтық департаментін басқарды. Қазақстан Республикасының "Монополияға қарсы қызметтің үздігі" төсбелгісімен марапатталған. 2025 жылғы 28 мамырдан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның Монополияға қарсы реттеу департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды.
02 маусымның 2025 Виталий Вовк: "Станок жасау өнімінің ЕАЭО шеңберіндегі бәсекеге қабілеттілігі мүше мемлекеттер тарапынан қолдауды талап етеді" Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасарлары Виталий Вовк пен Лаура Садықова "Металл өңдеу-2025" металл өңдеу өнеркәсібіне арналған жабдықтардың, аспаптар мен құралдардың халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысты. Көрменің іс-шаралары және оның алаңында өткен "Инвестициялар. Даму. Кооперация" халықаралық сауда-өнеркәсіп конгресі шеңберінде аса маңызды компоненттер өндірісін өзіндік қуаттарда дамыту қажеттігі атап өтілді. ЕЭК өкілдері Беларусь пен Ресейдің бірқатар станок-аспап өнімдерін өндірушілерімен кездесті. Келіссөздер барысында Виталий Вовк: "Қазір, біріншіден, ЕАЭО елдері үшін аса маңызды жиынтықтауыштар өндірісін жолға қою, екіншіден, ішкі бәсекелестік туғызбау үшін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің станок жасау кәсіпорындарын мамандандыруды жүргізу аса маңызды", — деп атап көрсетті. Ол сондай-ақ қазіргі кезеңде Еуразиялық станоктар мен жиынтықтауыштардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тапсырыстарды қамтамасыз ету және дайын өнімді өткізу кепілдіктерін беру бөлігінде Одақ елдерінің елеулі қолдауы қажет екенін атап өтті. Блок өкілдері көрмеге қатысушыларды мүше мемлекеттер кәсіпорындарының кооперациялық тізбектеріне тартуға шақыра отырып, оларға өнеркәсіптік кооперацияны қаржыландыру механизмі туралы айтып берді.
02 маусымның 2025 ЕАЭО шырын өндірілетін тропикалық жемістерден жасалған пюреге арналған кедендік әкелу бажын уақытша нөлге түсірді Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі банан, манго, киви, нектарин, сондай-ақ шабдалы, өрік және алмұрт жемістерінен жасалған пюреге қатысты кедендік әкелу баждарының уақытша нөлдік ставкаларын белгіледі. "Бұл жемістердің концентрацияланған пюресі шырын өнімін, соның ішінде балалар тағамын өндіру үшін қолданылады. Бірақ олардың көпшілігі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің аумағында өспейді немесе өнеркәсіптік өңдеу үшін жеткіліксіз мөлшерде өседі. Осыған байланысты бизнес соңғы жылдары бағасы айтарлықтай өскен импорттық өндірістің шикізатын сатып алуда", — деп түсіндірді ЕЭК Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян. Бұл ретте ол шараның қолданылу мерзімі ЕАЭО мемлекеттерінде жеке бау-бақша шаруашылығын дамыту жөніндегі инвестициялық бағдарламаларды ескере отырып есептелгенін және ол пюренің әр түрі үшін бір жылдан үш жылға дейін құрайтынын атап көрсетті. Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.
02 маусымның 2025 ЕЭК Кеңесі 2026 жылдың соңына дейін жеңіл өнеркәсіп тауарларының кейбір түріне кедендік әкелу бажының ставкасын ұлғайтуды мақұлдады ЕЭК Кеңесі 2026 жылдың соңына дейін жеңіл өнеркәсіп тауарларының кейбір түріне кедендік әкелу бажының ставкасын ұлғайтуды мақұлдады Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі қоса алғанда 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықта "мақта-қағаз иірілген жібінен жасалған өзге де төсек-орын жабдықтарына" (ЕАЭО СЭҚ ТН 6302 21 000 0 коды) қатысты 1 кг үшін 12%-ға дейін, бірақ 0,44 еуродан кем болмайтын кедендік әкелу бажының ставкасын арттыру туралы шешім қабылдады. "Төсек-орын жабдығын өндіруге арналған иірілген жіптің бізге негізінен үшінші елдерден түсетінін ескере келгенде, кедендік-тарифтік реттеудің қабылданған шарасы отандық кәсіпорындарды қосымша қолдауға мүмкіндік береді", — деп атап өтті ЕЭК Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян. Бұл ретте ол ЕАЭО елдерінің өндірушілері өз сипаттамалары бойынша импорттық төсек-орын жабдықтарынан кем түспейтін өнімдер шығаратынын және кең ассортиментті ұсынатынын атап өтті. Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.
02 маусымның 2025 Тамақ өніміне арналған техникалық регламентке орайлас стандарттар тізбесіне өзгерістер күшіне енді 2 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 2024 жылғы желтоқсанда қабылдаған Еуразиялық экономикалық одақтың тамақ өніміне арналған техникалық регламентіне орайлас стандарттар тізбесіне өзгерістер күшіне енді. Өзгерістерге сай, ерікті қолдану стандарттарының тізбесі 17 мемлекетаралық стандартпен, әдістерге арналған стандарттардың тізбесі бір мемлекетаралық стандартпен толықтырылды. 10 мемлекетаралық стандарт өзектендірілген редакциясында баяндалған. ЕАЭО елдерінің 14 ұлттық стандарты алынып тасталды, өйткені олардың негізінде тиісті мемлекетаралық стандарттар әзірленді. Өзгерістерді ЕЭК Кеңесі бекіткен Халықаралық және өңірлік (мемлекетаралық) стандарттардың тізбелерін әзірлеу және қабылдау тәртібінің 36-тармағының "б" тармақшасын ескере отырып, Одақ елдерінің стандарттау жөніндегі уәкілетті органдарының ұсыныстары негізінде Комиссия дайындады.
30 майдың 2025 Бақыт Сұлтанов: "Жасанды интеллекті пайдалану мен құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау арасындағы мүдделер теңгерімін сақтау маңызды" Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов Astana International Forum-да Еуразиялық экономикалық одақ елдері экономикасының түрлі саласына жасанды интеллект (ЖИ) ендіруге байланысты мүмкіндіктер мен тәуекелдер туралы айтты. "Жасанды интеллект дәуіріндегі зияткерлік меншік" форумының панельдік сессиясында сөз сөйлеген Бақыт Сұлтанов ЖИ көмегімен жасалған туындыларға қатысты құқықтар мен жауапкершіліктің аражігін ажырату мәселелеріне тоқталды. Ол авторлықты айқындаудағы қиындықтарға, сондай-ақ ғылыми және инновациялық қызметте жасанды интеллект технологияларын пайдалануды реттеу үшін нақтылы қағидалар мен нормативтік актілер әзірлеу қажеттігіне айрықша назар аударды. Бақыт Сұлтанов ЕАЭО елдерінің ұлттық заңнамалық бастамаларды құру бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын: Қазақстан 2024-2029 жылдарға арналған ЖИ дамыту тұжырымдамасын қабылдағанын, Беларусь жасанды интеллект туралы заң әзірлеп жатқанын, ал Ресейде 2030 жылға дейінгі ұлттық стратегия іске асырылып келе жатқанын атап өте келіп, осы салада халықаралық стандарттар мен келісілген тәсілдемелерді қалыптастырудың маңызды екенін атап көрсетті. Министр әлемдік қоғамдастықта ЖИ көмегімен құрылған зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды құқықтық қорғау және сақтау мәселелері кеңінен талқыланып отырғанына назар аударды. Еуразиялық интеграциялық бірлестік шеңберінде "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленуде, ол осындай объектілерді құқықтық қорғаудың ықтимал тәсілдемелерін пысықтауды қамтиды. "Бұл ретте жасанды интеллекті пайдалану мен құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау арасындағы мүдделер теңгерімін сақтау маңызды", – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов. Форум аясында ЕЭК министрінің Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры Дарен Тангпен кездесуі болып өтті. Ұйымдар арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберіндегі ынтымақтастық талқыланды, зияткерлік меншікті қорғау және сақтау тұрғысында Еуразиялық экономикалық интеграцияға арналған бірлескен іс-шаралар өткізу мүмкіндігі қаралды. "Комиссия контрафактілік өнім айналымының үрдістерін және ЕАЭО-дағы зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуына қарсы күрес практикасын тұрақты негізде қадағалап отырады. Біз жыл сайын анықталған бұзушылықтар туралы деректер мен құқық қолдану практикасын жақсарту бойынша ұсыныстарды қамтитын есеп дайындаймыз", – деп хабарлады Бақыт Сұлтанов. ЕЭК Министрі сондай-ақ Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) бас директоры Эми Поуппен кездесті. Бүгінде Комиссия мен ХКҰ өңірлік кеңсесі Бірлескен мәлімдемемен жұмыс істеу үстінде, оның негізіне ұйымдар арасында қолданыстағы Ынтымақтастық туралы меморандум және ЕАЭО-ның барлық елі қосылған Қауіпсіз, реттелген және заңды көші-қон туралы жаһандық шарт алынған.
Тағы да көрсету