Еуразиялық экономикалық одақ елдері логистиканы өзгерту бойынша негізгі жаһандық процеске, жаңа сауда нарықтарын қалыптастыруға, трансформацияланатын маршруттар мен көлік дәліздерін құруға белсенді қатысуда. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Қожошев Ташкентте (Өзбекстан) өткен «Халықаралық автомобиль тасымалдары: орнықты дамуды және өркендеуді ілгерілету» конференциясында айтты.
Арзыбек Қожошев Өзбекстанның 2020 жылы ЕАЭО жанындағы байқаушы ел мәртебесін алғаннан кейін ЕЭК пен Өзбекстанның мемлекеттік басқару органдарының өзара іс-қимылы жүйелі негізде жүзеге асырылатынын атап өтті. Өзбекстан өкілдері бірлескен жұмыс тобының қызметіне қатысады, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің, Үкіметаралық кеңестің отырыстарына үнемі қатысып отырады. Бұл оларға Одақтың өзекті күн тәртібінен хабардар болып қана қоймай, экономикалық салада бастамалар көтеруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ЕЭК министрі Комиссия мен Халықаралық автомобиль көлігі одағының өзара іс-қимылы туралы айтты, ол 2013 жылы Еуразиялық комиссияның халықаралық көлік ұйымдарымен ынтымақтасуына негіз болған Меморандумға қол қоюдан басталған болатын.
Арзыбек Қожошев ЕЭК-тің көлік саласындағы жобалары туралы еске салды, атап айтқанда, еуразиялық көлік дәліздерінің тізбесі және көлік саласындағы басым интеграциялық инфрақұрылымдық жобалар, еуразиялық көлік дәліздері бойынша өтетін көлік құралдарының рұқсат етілген массалары, осьтік жүктемелері мен габариттері бойынша бірыңғай талаптарды белгілейтін Келісім жобасы туралы айтты.
Іс-шараны Өзбекстанның Халықаралық автомобиль тасымалдаушылар қауымдастығы (AIRCRUZ) Халықаралық автомобиль көлігі одағымен (IRU) бірлесе отырып ұйымдастырды.
Ташкенттегі конференция IRU-дың 75 жылдығына және AIRCRUZ-тың 30 жылдығына орайластырылған. Ол «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» мультимодальды дәліздері бойындағы аймақтық көлік байланыстары мен транзит саласындағы автокөлік секторының алдында тұрған негізгі проблемалар мен міндеттерге, көлік, коммерциялық және кедендік рәсімдерді цифрландыруға арналған.