Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақтың ағымдағы жай-күйі мен одан әрі даму перспективалары талқыланды.
Атап айтқанда, ЕАЭО ішкі нарығының жұмыс істеу, өнеркәсіптік кооперация жобаларын іске асыру және қосылған құн тізбегін құру, көлік инфрақұрылымы мен логистиканы жетілдіру мәселелері қаралды.
Цифрлық проблематикаға қатысты жаңа тәсілдерді әзірлеуге және оларды жүзеге асыруға, оның ішінде Одақтың Интеграцияланған ақпараттық жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударылды.
Бақытжан Сағынтаев ЕАЭО елдерінің Үкімет басшыларына жаппай цифрландыру жағдайындағы «төрт бостандық» қағидатының көрінісін Комиссия биылғы жылы ұсынатынын айтты.
Сонымен қатар ЕЭК Алқасының Төрағасы еуразиялық «бестіктің» 10 жыл ішінде қол жеткізген басты жетістіктері жөнінде хабардар етті.
Яғни, мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда екі есеге жуық өсті, сыртқы сауда айналымы болса 60 пайызға артты. ЕАЭО-ның ортақ жалпы ішкі өнімі 2,4 трлн АҚШ долларын құрады, сондай-ақ басқа макроэкономикалық көрсеткіштер де оң динамика көрсетіп отыр.
Интеграциялық үдерістерді дамыту перспективаларын талқылай отырып, Тараптар «Еуразиялық экономикалық жол» Декларациясында көзделінген бастамаларды мүше мемлекеттермен Комиссияның бірлесе отырып, іске асыру жолдарын қарастырды.
Кездесу барысында ЕАЭО қызметін сыртқы бағытта күшейту, үшінші елдермен және халықаралық бірлестіктермен (ШЫҰ, БРИКС, АСЕАН, Анд қауымдастығы және т.б.) өзара іс-қимылды жандандыру мәселелері бойынша тыңғылықты пікір алмасу болды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырмалар беріп, Еуразиялық экономикалық комиссияның алдына жаңа міндеттер қойды.