Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Халықаралық экономикалық форумының "Үлкен Еуразиялық әріптестікті дамыту үшін жаңа серпім. Ғылыми-технологиялық және инновациялық ынтымақтастық" пленарлық отырысына қатысты.
Іс-шараға қатысушыларға сәлемдесу сөзін арнай отырып, Бақытжан Сағынтаев форумның пленарлық сессиясы тақырыбының барлық ел үшін, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ үшін өзектілігін атап өтті.
Ғылыми-технологиялық және инновациялық даму Еуразиялық экономикалық одақ елдері экономикасының одан әрі өсуінің тиімді құралдарының бірі болып табылады. Еуразиялық "бестікке" мүше барлық мемлекетте үдемелі ғылыми-технологиялық дамуды қамтамасыз ететін стратегиялық және бағдарламалық құжаттар бекітілген.
ЕАЭО-ны экономикалық қатынастардың әлемдік архитектурасына кіріктіру, экспортты ұлғайту, инвестициялар мен технологияларды тарту жөніндегі міндеттер ұлтүсті деңгейінде шешілуде. Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс істеуі кезінде үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы жүзге жуық меморандумға қол қойылды, бұл тәжірибе алмасуға, соның ішінде озат инновациялық әзірлемелер бөлігінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
"Экономиканың барлық саласындағы цифрлық трансформацияның жоғары қарқынын ескере отырып, Комиссия мемлекеттік органдар, бизнес және азаматтар арасындағы өзара іс-қимылды оңайлатуға бағдарланған бірыңғай цифрлық кеңістікті құру бойынша белсенді жұмыс істеуде. Біздің міндетіміз — барлық процесті тезірек, ыңғайлы және қауіпсіз жасау. Технологиялық шешімдерді іске асыру Digital Union тұжырымдамасына негізделген", — деп хабарлады ЕЭК Алқасының басшысы.
Бақытжан Сағынтаев ЕАЭО шеңберінде интеграцияланған ақпараттық жүйенің ойдағыдай жұмыс істейтіні туралы айтып берді. Оның дамуы бес түрлі жүйенің бір экожүйеде болуына мүмкіндік беретін ұлтүсті инфрақұрылымын қалыптастырады.
Қазіргі уақытта цифрландыру экономиканың бірқатар саласында серпінді дамып келеді. Көлік саласында қабылданып жатқан шаралар Одақ шеңберінде орнықты көлік-логистика тиянағын құра отырып, тасымалдардың "жіксіздігін" қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Энергетикадағы маңызды міндеттердің бірі – электр энергиясын өндіру құрылымын әртараптандыру. АӨК саласында ғылымды қажетсінетін тауарларды өндіру бойынша ынтымақтастықты одан әрі жолға қою перспективалы болып табылады.
Бақытжан Сағынтаевтың сөзінше, инновациялар мен ғылыми-техникалық прогрестің озат жетістіктерін жедел игеру айтарлықтай дәрежеде әр ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. Бұл міндетті іске асыру, соның ішінде диалог пен интеграциялық құрылымдардың тиімді өзара іс-қимылына ықпал ететін болады.