Жаңалықтар

27.09.2023

2024 жылғы 1 сәуірге дейін тауарларды бажсыз әкелудің шекті мәні жеке тұлғалар үшін 1000 еуро және тауарлар үшін 31 кг құрайды

Ресей тарапының бастамасы бойынша тауарларды бажсыз әкелудің көтеріңкі шекті мәнінің қолданылуы жеке тұлғалар үшін тағы да жарты жылға ұзартылды. 

Сөйтіп, 2024 жылғы 1 сәуірге дейін тауарларды бажсыз әкелудің шекті мәні жеке тұлғалар үшін 1000 еуро және тасымалдаушы немесе пошта жөнелтілімі арқылы тасып әкелінетін, әуе көлігінен басқа барлық көлік түрлерімен немесе жаяу тасымалданатын тауарлар үшін 31 кг құрайды.

Егер тауарлардың құны бұл сомадан асып түссе немесе оның салмағы 31 кг астам болса, бұл жағдайда мына мөлшерде баж төлеу қажет болады:

-тасымалдаушы немесе пошта жөнелтілімі арқылы тасып әкелінетін тауарлар үшін оның құнынан 15 %, бірақ норманың артып кетуі бөлігінде 1 кг үшін 2 еуродан кем болмайды;

-жолжүгі ретінде әкелінетін тауарлар үшін оның құнынан 30 %, бірақ 1 кг үшін 4 еуродан кем емес.

Еске сала өтсек, бұл шекті мән 2022 жылы шетелдік интернет-дүкендерден жеке пайдалануы үшін тауарларға тапсырыс беретін азаматтарды қолдау үшін уақытша негізде арттырылды. Наурыз айында оның қолданылуы ағымдағы жылғы 1 қазанға дейін ұзартылды. Бұрын шекті мән тасымалдаушы немесе пошта жөнелтілімдері арқылы тасымалданатын тауарлар үшін 200 еуро және әуе көлігінен басқа барлық көлік түрлерімен немесе жаяу тасымалданатын тауарлар үшін 500 еуро болатын.

Ұшақпен бажсыз әкелудің шекті мәні 10 мың еуро және 50 кг деңгейінде сақталады.

Шешім жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді және осы жылғы 1 қазаннан бастап туындайтын құқықтық қатынастарда қолданылатын болады.