"COVID-19 -дан кейінгі қалпына келтіруді және барлық деңгейде 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Орнықты даму саласындағы күн тәртібін толық іске асыруды тездету" сессиясында Асқар Жаппарқұлов COVID-19 пандемиясының әлемдік экономиканың өсу қарқынының күрт құлдырауына себеп болғанын, атап айтқанда, ЕАЭО-да 2020 жылы ЖІӨ-нің нақтылы көлемінің төмендеуі 2,9% құрағанын атап өтті. Алайда пандемияның өткір кезеңі аяқталғаннан кейін және шектеу шаралары біртіндеп алына бастаған 2021 жыл ішінде әлемдік экономика мен ЕАЭО елдерінің экономикасы жұмыс істеудің жаңа жағдайларына бейімделе алды.
"Цифрландырудың тездетілуі, іскерлік белсенділікті қалпына келтіру және шектеулер алынғаннан кейінгі еңбек көші-қоны, дәрілік және медициналық заттар өндірісі жөніндегі көрсеткіштердің артуы - бұл факторлар ЕАЭО елдерінің экономикасын қалпына келтіруде оң рөл атқарды. Жаңа жағдайларда энергия тиімділікті және ресурс үнемдейтін технологияларды, ЕАЭО-ның орнықты электр энергетикасы нарығын, жасыл және төмен көміртекті технологияларды дамыту, сондай-ақ ОДМ-ға қол жеткізудің озыңқы қарқынын қолдау қажеттігін ескере отырып, сауда-экономикалық салада COVID-19 пандемиясының салдарын еңсеру жөніндегі халықаралық бастамаларды қолдау алдыңғы шепке шығады",- деп хабарлады Асқар Жаппарқұлов.
"Қалалар мен елді мекендердің ашықтығын, қауіпсіздігін, өмірге төзімділігін және экологиялық орнықтылығын қамтамасыз ету (11-ОДМ)" сессиясы шеңберінде Андрей Пантелеев 2025-Стратегиясының қабылдануымен ЕАЭО-ның орнықты қалалар салу және таңдаулы практикаларды тарату бөлігіндегі мүмкіндіктері арта түскенін атап өтті.
Форумға қатысушылар Солтүстік және Орталық Азия өңірінің су қауіпсіздігін, сондай-ақ энергияның жаңғыртылатын көздерін талқылады. Бұл бағыттарды нығайту өңірде кірістердің өсуіне, орнықты дамуға және климаттың өзгерістеріне орнықтылықты арттыруға әкеледі.
Форум шеңберінде сондай-ақ гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту (№5 ОДМ); таза су мен санитарияға жалпыға бірдей қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі озат әдістер (№6 ОДМ); халықаралық ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары және орнықты энергетикалық секторды дамыту мақсатына көптеген мүдделі тараптың қатысуы (№7 ОДМ); экономиканы кешенді қалпына келтіруді тездету үшін цифрлық алшақтықты еңсеру әлеуеті (№9 ОДМ); өмір құны дағдарысының әртүрлі аспектілерін шешуге арналған озат тәжірибе (№ 17 ОДМ) талқыланды.
Форумға қатысушылар жасыл және инклюзивті инфрақұрылымды, өңірлердің өнеркәсіп салаларын дамытудағы, ОДМ-ға қол жеткізудің статистикалық мониторингі жүйелерін жетілдірудегі ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдірді.
"ЭСКАТО жаһандық және өңірлік проблемаларды шешу әрі бірлескен ұсынымдар тұжырымдау үшін мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен, интеграциялық бірлестіктермен жұмыс істеуге дайын",- деп мәлімдеді БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және ЭСКАТО Атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана.
Солтүстік және Орталық Азияның Орнықты даму саласындағы мақсаттарды іске асыру жөніндегі көпжақты форумы - Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) ішкі әріптестерімен бірлесіп және Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінен тыс 2017 жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан жыл сайынғы іс-шарасы.
ЭСКАТО – БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы, БҰҰ-ның бес өңірлік комиссияның біреуі болып табылады. ЭСКАТО-ның штаб-пәтері Бангкокте, Таиланд Корольдігінде орналасқан. ЭСКАТО құрамына 53 ел және 9 қауымдастырылған қатысушы кіреді.
Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 12 шешімімен бекітілген.