4 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық комиссияда ЕЭК пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық өңірлік бюросы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2025 жылдың аяғына дейінгі іс-шаралар жоспарына қол қойылды.
Жоспарға Комиссия тарапынан – Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко, ДДҰ тарапынан – Еуропалық өңірлік бюро директоры Ханс Клюге қол қойды.
"ЕЭК пен ДДҰ-ның Меморандумды іске асыру бойынша ынтымақтастығы 2025 жылға дейінгі бірлескен іс-шаралардың дайындамасы бар жүйелі жоспарлы деңгейіне шығады. ДДҰ-ның жұмысы COVID-19 пандемиясымен күресте өзінің тиімділігін көрсетті. Өңірлік деңгейдегі тығыз өзара іс-қимыл бізге ЕАЭО-да қоғамдық денсаулық сақтау саласы үшін жаңа биологиялық қатерлерге ден қоюға орайлас кешенді, ғылыми негізделген тәсілдемеге қол жеткізу мақсатында ДДҰ-ның халықаралық тәжірибесін қолдануға, өнімге қойылатын халықаралық қауіпсіздік талаптарын ескеруге және қажет болған жағдайда үндестіруге, ЕАЭО-да жаңа жоғары технологиялық дәрілер мен медициналық бұйымдардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп атап өтті ЕЭК министрі Виктор Назаренко.
Жоспарда Меморандумда белгіленген барлық бағыт бойынша 21 іс-шара көзделген.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында Жоспарға сәйкес ынтымақтастық жөніндегі бейінді жұмыс тобы құрылады, дәрілер мен медициналық бұйымдардың айналысын реттеу саласындағы нормативтік құжаттардың жобаларымен алмасу, тұтас бір бірлескен консультациялар өткізу, ЕЭК өкілдерінің тиісті фармакопеялық практика қағидаларын дайындау жөніндегі ДДҰ жобасын әзірлеуге қатысуы жоспарланған.
Адам өмірі мен денсаулығы үшін айналыстағы тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті тамақ өнімдерінің айналысын реттеу немесе оған жол бермеу, тамақ өнімдері мен ауыз судағы химиялық заттардың, микроорганизмдердің құрамын нормалау мәселелері бойынша бірқатар бірлескен консультациялар жоспарланып отыр. Бұдан басқа, бұл салада адам өмірі мен денсаулығы үшін тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы цифрлық ресурстар туралы өзара ақпарат алмасу көзделген.
Жұқпалы ауруларды, сондай-ақ жаппай жұқпалы емес ауруларды алдын ала ескерту мен олардың пайда болуы саласында бірқатар іс-шара көзделген. Бұлардың ішінде ДДҰ-ның ғылыми зерттеулері мен инновациялық әзірлемелерін ендіру саласындағы ғылыми-әдістемелік ақпаратпен алмасу, пандемия жағдайында қауіпсіз жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету бойынша бірлескен консультациялар өткізу бар.
Өөңір елдерінің денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қоюға орайлас дайындығын арттыру, микробқа қарсы препараттарға төзімділіктің туындауын алдын ала ескерту, денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерді дамыту, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету бойынша да бірлескен іс-шаралар жоспарланған.
Анықтама
Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы қызметін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шеңберінде үйлестіретін өңірге жатады.
ЕЭК пен ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығы Еуразиялық экономикалық комиссия мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде 2021 жылғы 13 қазаннан бері жүзеге асырылып келеді.