Жаңалықтар

12.10.2021

ЕЭК өнеркәсіпте және АӨК-те жоғары тиімді технологияларды ендіру саласында Жаңа Зеландиямен өзара іс-қимылды жандандыруға ниетті

Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян Жаңа Зеландияның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Си’алеи ван Турмен кездесуінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Жаңа Зеландияның өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы ынтымақтастығының перспективалы бағыттарын талқылады.
«Еуразиялық экономикалық комиссияның негізгі міндеті – Одақтың ішінде, сол сияқты жаһандық әлемдік нарықта іскер белсенділікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау. Біз ЕАЭО мемлекеттерінің үшінші елдермен нәтижелі өзара іс-қимылын құруға көмектесетін тиімді алаң болып саналамыз»,- деп атап өтті Артак Камалян.

ЕЭК министрі агроөнеркәсіптік блокты дамытудың басымдықты бағыттары туралы айтып берді, сондай-ақ ЕАЭО елдерінде басымдықты болып табылатын және Жаңа Зеландия үшін қызығушылық тудыратын бірқатар бағытты бөліп көрсетті. Олардың қатарында өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешендер үшін кадр даярлау саласындағы академиялық ұтқырлықты дамыту, экономикаға цифрлық технологияларды әзірлеп, ендіру бар. Кездесуге қатысушылар цифрлық экономиканың дамуына тікелей ықпал ететін бәсекеге қабілетті өнім өндіру бойынша микроэлектроника саласындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту механизмдері туралы мәселені пысықтау мүмкіндігін талқылады.

Жаңа Зеландия өкілдері, өз кезегінде, өнеркәсіптің әртүрлі саласында жұмыс істейтін инновациялық компаниялардың таныстырылымын өткізді және кооперациялық құрамдасы бар субъектілерді бөліп көрсетті. Жаңа Зеландияның ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікті үшінші елдердің нарығына ілгерілету жөніндегі тәжірибесі талқыланды. ЕЭК министрі ауыл шаруашылығында қазіргі заманғы жоғары тиімділікті технологияларды ендіру саласында ЕАЭО елдері мен Жаңа Зеландияның өзара іс-қимылын жолға қою туралы мәселені пысықтауды ұсынды. Си’алеи ван Тур бірлескен кооперациялық жобалар әзірлеу мақсатында Одақ мемлекеттері мен Жаңа Зеландияның бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері арасындағы диалог үшін алаң қалыптастыру туралы Артак Камалянның ұсынысын қолдады.

«Кездесу тараптардың ұзақ мерзімді байланыс орнатуға деген төтенше мүдделілігін көрсетті, сондай-ақ экономикалық даму мен саудаға жәрдемдесу саласындағы үлкен әлеуетті анықтап алдық»,- деп түйіндеді Артак Камалян.