Жаңалықтар

28.09.2023

ЕЭК Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен өзара іс-қимылды кеңейтеді

Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақытжан Сағынтаев пен Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының президенті, доктор Мохаммед Азманның кездесуінің негізгі тақырыбы азаматтарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамыту болды. Кездесу 28 қыркүйекте Алматыда (Қазақстан) міндетті жинақтаушы және аралас зейнетақы жүйелерінің даму перспективаларына арналған Жоғары деңгейдегі халықаралық дөңгелек үстел аясында болып өтті.

"Еңбекшілерді және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамсыздандыру ЕАЭО шеңберінде бірыңғай еңбек нарығын қалыптастыру кезіндегі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы қызметінің әмбебап деңгейін, оның халықты әлеуметтік қорғау жүйелерін жетілдіру мәселелеріндегі тәжірибесін ескере келгенде, бұл біз үшін маңызды болып саналады", - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Кездесу барысында ЕЭК пен ХӘҚҚ арасындағы байланысты одан әрі кеңейтуге деген өзара дайындық пен мүдделілік атап өтілді.

Анықтама


Жоғары деңгейдегі халықаралық дөңгелек үстел Алматыда Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының қолдауы аясында өткізілді. Бұл Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 25 жылдығын мерекелеуге орайластырылды.

Іс-шара барысында Швейцария, Чили, Австралия, Қытай, Сауд Арабиясы, Сингапур, Израиль, Уругвай, Канада, Италия және басқа елдердің сарапшыларының, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының, Дүниежүзілік банктің және т.б. өкілдерінің арасында тәжірибе және білім алмасу болып өтті.

Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы (ХӘҚҚ) халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруді өз қызметінің мақсаты етіп қойған әмбебап халықаралық ұйым болып табылады.

Қауымдастықтың Халықаралық еңбек ұйымының қолдауы аясында 1927 жылы негізі қаланған. Бүгінгі таңда ХӘҚҚ құрамына 160 елден 320-дан астам ұйым-мүше кіреді.