Жаңалықтар

29.06.2023

ЕЭК өңіраралық ынтымақтастықты дамытады

Еуразиялық экономикалық одақтағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметі туралы ЕЭК Макроэкономикалық саясат департаментінің директоры Асқар Жаппарқұлов 29 маусымда Новосибирскіде өткен «ЕАЭО елдеріне экспорт шығару – 2023. Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының әлеуеті» атты V Халықаралық конференциясында айтты.

Одақ елдеріндегі өңіраралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі сессияның модераторы ретінде сөз сөйлеген Асқар Жаппарқұлов негізгі интеграциялық идея – «төрт бостандықты» қамтамасыз ету тақырыбын қозғап, ЕАЭО мемлекеттері өңірлерінің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейту мақсатындағы оның артықшылықтарын баянадады.

«Одақтың елеулі жетістіктерінің бірі ішкі шекараларда – көліктік, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық, карантиндік, фитосанитарлық бақылау түрлерінің толық спектрінің болмауы. Одақтағы ветеринарлық-санитарлық бақылау (қадағалау) жүйелері баламалы деп танылды, бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушыларға ұлттық органдар берген өнім қауіпсіздігі туралы сертификаттар негізінде ЕАЭО ішкі нарығына тауарларды еркін жеткізуге мүмкіндік береді», - деді департамент басшысы.

Сессияға қатысушылар келісілген көлік саясаты мен бірыңғай еңбек нарығы мәселелерін талқылап, елдер мен Комиссияның осы бағыттардағы ортақ күш-жігері одақтас мемлекеттердің азаматтары үшін кең мүмкіндіктерді ашатынын атап өтті. Бұл тұрғыда жақында Сочиде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында қол қойылған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісім де жоғары бағаланды. Ғылыми дәрежесі туралы ұлттық құжаттары бар ЕАЭО елдерінің ғалымдар шет мемлекеттердің құжаттарын тану бойынша қосымша рәсімнен өтпей-ақ Одақтың басқа мемлекетінде жұмысқа орналаса алады. 

Асқар Жаппарқұлов өңірлердің ЕАЭО бойынша әріптестерімен сауда жасауға құлшыныстарының аз екеніне назар аударды және өңіраралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуды жандандыруға бағытталған іс-шаралар тізбесі аясында дайындалған Комиссияның ұсыныстарын айтты.

Конференцияға кәсіпорындардың, компаниялардың, банктердің, даму институттарының, мемлекеттік биліктің уәкілетті органдарының өкілдері, Одақтың барлық елдерінің сарапшылары қатысты.

«ЕАЭО елдеріне экспорт шығару – 2023. Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының әлеуеті» V Халықаралық конференциясының бағдарламасымен іс-шараның https://eaes-export.ru/ сайтына өтіп, танысуға болады. Конференцияның телеграм-арнасы – https://t.me/exportEAEU.