Жаңалықтар

24.07.2024

Гоар Барсегян Қырғызстан Үкіметінде ЕАЭО-дағы өнеркәсіп пен АӨК-ті дамытуды талқылады

Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян Бішкектегі жұмыс кездесуінде Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті Төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Касымалиевпен Еуразиялық экономикалық одақтағы өнеркәсіп пен АӨК-ті одан әрі дамытуды талқылады.

Тараптар, атап айтқанда, Одақта өнеркәсіптегі кооперациялық жобаларды қаржылық қолдау механизмін іске асыру және оған қырғыз кәсіпорындарының қатысу перспективаларын қарады.

"Комиссия жаңа механизм туралы хабардар ете отырып, ЕАЭО елдерінің бизнесімен және мемлекеттік құрылымдарымен жүйелі диалог жүргізуде. Таяуда біз бейінді Консультативтік комитеттің отырысында ресейлік бизнестің алғашқы өтінімін қарадық. Ол Комиссияға "Газпромбанк" АҚ-дан келіп түсті және "Титан Полимер" ЖШҚ компаниясының жобасына қатысты, соның шеңберінде Одақ елдері кәсіпорындарының технологиялық жабдықтарды жеткізуге кооперациялық қатысуы көзделген", – деп атап көрсетті Гоар Барсегян.

ЕЭК министрі Қырғызстанның кәсіпкерлерін қаржылық қолдау механизмін қолдана отырып, өнеркәсіптік кооперация жобаларына белсендірек қатысуға шақырды.

Тараптар бұдан басқа, Одақ мемлекеттерінде агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын болжау, ЕАЭО-ның бірыңғай нарығын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мәселелерін және тағы бірқатар мәселені талқылады.

Қырғыз Республикасының өнеркәсіп пен АӨК салаларындағы бастамаларын іске асыру, сондай-ақ ЕЭК өкілдерінің 31 тамызда Бішкекте өтетін Бірінші өнеркәсіптік форумға қатысуы мәселелеріне жеке назар аударылды.

Іс-шараға Қырғызстан Экономика министрінің орынбасары Назар Малаев пен Қырғызстанның Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеуші өнеркәсіп министрінің орынбасары Самат Насирдинов қатысты.