Жаңалықтар

18 маусымның 2025 ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы көліктік бақылау шеңберінде ақпараттық өзара іс-қимыл іске қосылды Беларусь пен Ресей технологиялық өзара іс-қимылды ретке келтіруді аяқтады және № 46 "Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды ақпараттық қамтамасыз ету" жалпы процесі бойынша ұлттық сегменттерді пысықтады. Бұл оларға толық форматты ақпарат алмасуды бастауға мүмкіндік берді. № 46 жалпы процесс Одақтың сыртқы және өзара саудасының интеграцияланған ақпараттық жүйесінің бөлігі болып табылады. Оны ендіру ЕАЭО-ға жүк көлігінің кіруі кезінде ұлттық уәкілетті органдар жүзеге асыратын бақылаудың тиімділігін арттыруға арналған. Процесті іске қосуға дайындық барысында Беларусь пен Ресейдің уәкілетті органдары көліктік (автомобильдік) бақылау нәтижелері туралы шоғырландырылған ақпаратты қамтитын 800-ден астам транзакцияны жүзеге асырды. Басталған ақпарат алмасуға 2025 жылдың соңына дейін Қазақстан мен Қырғызстан қосылуды жоспарлап отыр. ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев: "№ 46 жалпы процесті толық мәнінде іске асыру уәкілетті органдарға алымдарды, айыппұлдарды төлеу және бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты қоса, мүше мемлекеттердің аумағы бойынша көлікті өткізу барысында Одақтың сыртқы шекарасында көліктік бақылау жүргізу нәтижелеріне жедел қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл қорытындысында тасымалдау процесінің сапасы мен қауіпсіздігіне оң әсер етеді", — деп атап көрсетті. Армения ЕАЭО туралы шартқа тиісті өзгерістер енгізілуіне байланысты № 46 жалпы процесті іске асыруға қатыспайды.
18 маусымның 2025 ЕЭК мамандандырылған тамақ өнімдерінің жекелеген түрлеріне, қапталған ауыз суға, тағамдық қоспалар мен хош иістендіргіштерге арналған техникалық регламенттерге стандарттардың тізбелеріне өзгерістер енгізді Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы "Мамандандырылған тамақ өнімдерінің жекелеген түрлерінің, соның ішінде диеталық емдік және диеталық профилактикалық тамақтанудың қауіпсіздігі туралы" (КО ТР 027/2012), "Тағамдық қоспалардың, хош иістендіргіштердің және технологиялық қосалқы құралдардың қауіпсіздігі талаптары" (КО ТР 029/2012) және "Табиғи минералды суды қоса, қапталған ауыз судың қауіпсіздігі туралы" (ЕАЭО ТР 044/2017) техникалық регламенттерге стандарттардың тізбелерін өзектілендірді. Тізбелерге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер көрсетілген регламенттерге арналған бағдарламаларға сәйкес әзірлеген мемлекетаралық стандарттар кірді. Атап айтқанда, КО ТР 027/2012 зерттеу әдістеріне арналған стандарттар тізбесіне алты мемлекетаралық стандарт енгізілді және алтауы (өзектілігін жоғалтқандары) алынып тасталды. Ерікті қолдану стандарттарының тізбесі және КО ТР 029/2012 зерттеу әдістеріне арналған стандарттардың тізбесі үш жаңа құжатпен толықтырылды, біреуі алынып тасталды. ЕАЭО ТР 044/2017 зерттеу әдістеріне арналған стандарттар тізбесіне бір стандарт қосылды, екі құжат алынып тасталды, ал тағы бір стандарттың қолданылу мерзімі шектелді. Стандарттар тізбесін әзірлеу тәртібіне сәйкес мұндай өзгерістерді енгізу Еуразиялық экономикалық одақтың барлық елінің осындай стандарттарға қосылуы жағдайымен стандарттау жөніндегі уәкілетті органдардың ұсыныстары негізінде жария талқылау рәсімдері жүргізілмей және бейінді Консультативтік комитеттің отырысында қаралмай жүзеге асырылады. ЕЭК Алқасы қабылдаған түзетулер Комиссияның тиісті шешімдері ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 180 күн өткен соң күшіне енеді.
17 маусымның 2025 Бақытжан Сағынтаев: "ЕАЭО-ның басымдығы өзара пайдалы сыртқы экономикалық байланысты дамыту болып табылады" Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 17 маусымда ЕЭК штаб-пәтерінде Еуропалық бизнес қауымдастығының (ЕБҚ) бас директоры Тадзио Шиллингпен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында қазіргі уақытта Комиссия мен Еуропалық 380-ден астам компанияны біріктіретін ЕБҚ-ның өзара іс-қимылының перспективалары талқыланды. "Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО мемлекеттерімен бірлесіп бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін жұмыс істеуде. Біз ЕБҚ-ны іскер топтармен тиімді іс-қимыл жасау үшін сенімді әріптес ретінде қарастырамыз", — деп атап көрсетті Бақытжан Сағынтаев. ЕЭК Алқасының басшысы ЕАЭО қызметінің басымдықтарының бірі сыртқы экономикалық байланысты дамыту болып табылатынын атап өтті. Комиссия халықаралық ынтымақтастық географиясын дәйекті түрде кеңейтуді мақсат тұтады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Еуразиялық кеңістіктегі кәсіпкерлер диалогын одан әрі дамытуға деген өзара мүдделілікті растады. Бақытжан Сағынтаев Тадзио Шиллингті Еуропалық бизнес қауымдастығының 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, Еуразиялық экономикалық форум аясында толымды да нәтижелі жұмыс істелуіне тілектестігін білдірді.
17 маусымның 2025 ЕАЭО-ның "Техникалық құралдардың электромагниттік үйлесімділігі" техникалық регламентіне стандарттар әзірлеудің жаңа бағдарламасы бекітілді Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық құралдардың электромагниттік үйлесімділігі туралы техникалық регламентін іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу жөніндегі жаңартылған бағдарламаны бекітті. Жаңа бағдарлама 123 позицияны қамтиды, олар, атап айтқанда, 13 мемлекетаралық стандартқа халықаралық стандарттар негізінде өзгерістер енгізуді бағамдайды. Сондай-ақ 109 мемлекетаралық стандарт әзірлеу жоспарланған, олардың 83-і халықаралық стандарттар негізінде, 8-і өңірлік стандарттар негізінде және 18-і Одақ елдерінің ұлттық стандарттары негізінде әзірленеді. Бұдан басқа, өңірлік стандартты (EN) ескере отырып, бір мемлекетаралық стандартты қайта қарау белгіленген. Беларусь 31 мемлекетаралық стандартты, Қазақстан 7 мемлекетаралық стандартты, Ресей 85 мемлекетаралық стандартты жауапты әзірлеуші болып айқындалды.
17 маусымның 2025 ЕЭК Алқасы қол электр құралдарына арналған жиынтықтауыштың жекелеген түрлеріне қатысты бажды уақытша нөлге түсірді Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы қол электр құралдарын өндіруге арналған жиынтықтауыштың жекелеген түрлеріне қатысты ЕАЭО БКТ кедендік әкелу баждарының ставкаларын кедендік құнның 0%-ы мөлшерінде белгілеу туралы шешім қабылдады (ЕАЭО СЭҚ ТН 8483 40 230 2, 8536 50 800 2 және 8545 20 000 1 кодтары). Баждарды уақытша нөлге түсіру 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі. "Кедендік-тарифтік реттеу шарасы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің кәсіпорындары өндірген қол электр құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, осындай өндірістің өзіндік құнын төмендетуге, қолда бар өндірістік қуаттарды жүктеуге, шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға және оның ассортиментін кеңейтуге, сондай-ақ салаға инвестициялар салу үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған", — деп атап өтті ЕЭК Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян. Бұл ретте ол ЕАЭО-да қол электр құралдарының қажетті типтік мөлшердегі жиынтықтауыштары өндірілмейтінін атап көрсетті. Қажетті өзгерістер Комиссияның басқа актілеріне де енгізілетін болады. Көрсетілген тауарларға қатысты баждардың нөлдік ставкалары 2020 жылғы 5 маусымнан бастап қоса алғанда 2023 жылғы 30 маусымға дейін қолданылды. Бұл ЕАЭО елдерінде электр құралдарын дайындау бойынша өндірістік қуаттарды ұлғайтуға және ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттыруға ықпал етті.  
17 маусымның 2025 ЕЭК еңбек көші-қоны мен денсаулық сақтау саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайтады Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов Халықаралық еңбек конференциясының сессиясы шеңберінде өткен Әлеуметтік әділеттілік жолындағы жаһандық коалиция форумына қатысты. Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік органдардың, бизнестің, кәсіподақтардың және ғылыми қоғамдастықтың өкілдері қатысты. ЕЭК министрінің сөзінше, Еуразиялық экономикалық одақтың іргелі еркіндігінің бірі — жұмыс күші қозғалысының еркіндігі. "Одақ елдерінің азаматтары "бестіктің "кез келген елінде еркін жүріп-тұра алады және жұмыс істей алады, квоталардың күші жойылды, ЕАЭО-ның барлық елінде ғылыми дәрежелер туралы дипломдар мен құжаттар өзара танылады, еңбекші көшіп келушілер әлеуметтік және зейнетақы кепілдіктерімен қорғалады", — деп атап өтті Бақыт Сұлтанов. Бүгінгі таңда ЕАЭО-дағы бірыңғай еңбек нарығы — бұл міндетті медициналық сақтандыруға (ММС жүйесі жұмыс істейтін елдерде — Қазақстан, Қырғызстан және Ресей) болу елінің азаматтарымен тең дәрежеде қол жеткізе алатын 100 миллион еңбекші. Сондай-ақ, көшіп келушілер еңбекке уақытша жарамсыздық жағдайында, ана болуына байланысты міндетті сақтандырумен, өндірістегі жазатайым оқиғалардан және кәсіптік аурулардан міндетті сақтандырумен қамтамасыз етіледі. Еңбек нарығын дамытуда еңбекшілерді зейнетақымен қамсыздандыру маңызды рөл атқарады, ол 2021 жылдан бастап жеке зейнетақы Келісімімен реттеледі. Құжат еңбекші көшіп келушілерге Одақтың барлық елінде өздерінің зейнетақы құқықтарын қалыптастыруға, сақтауға және іске асыруға мүмкіндік береді. "Зейнетақы төлеу зейнеткердің ЕАЭО-ның қай елінде тұратынына қарамастан жүргізіледі, сондай-ақ оның Одақтың барлық еліндегі еңбек өтілі ескеріледі. Бұл көшіп келушілердің зейнеткерлікке шыққан кездегі әлеуметтік қорғалуын айтарлықтай арттырады", — деп түсіндірді ЕЭК министрі. Бақыт Сұлтанов форум аясында ДДҰ Денсаулық және көші-қон жөніндегі жаһандық бағдарламасының директоры Сантино Северонимен және ДДҰ штаб-пәтерінің көші-қон бағдарламасы басшысының орынбасары доктор Даниэль Мичпен кездесті. Тараптар бірлескен жұмысты қорытындылады, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын айқындады. Талқылау тақырыптарының бірі — ДДҰ-ның ЕАЭО елдеріндегі еңбекші көшіп келушілердің денсаулығы туралы талдамалық баяндамасы болды. Құжат таңдаулы практиканы жүйелеуге және мүше мемлекеттер арасында жүріп-тұратын жқмыскерлерге медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тараптар телемедициналық технологияларды, жасанды интеллекті ендіруді және Одақ елдерінің денсаулық сақтау жүйелеріндегі басқа да инновациялық шешімдерді қоса, цифрлық медицинаны дамытуды талқылады. "Біздің ДДҰ-мен әріптестігіміз тәжірибе ауысудан бастап болашақтың медицинасы саласындағы нақты жобаларды іске асыру мен еңбекші көшіп келушілердің құқықтарын қорғауға дейінгі жаңа деңгейге шыққаны қуантады", — деп түйіндеді ЕЭК министрі. 
17 маусымның 2025 ЕЭК пен АСЕАН тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында ынтымақтастықты дамытады Еуразиялық экономикалық комиссияның Санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар департаментінің директоры Владимир Синкевич Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі консультативтік комитетінің отырысына қатысты. Еуразиялық экономикалық одақ пен АСЕАН-ның тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастығын дамыту, цифрлық экономиканың қазіргі заманғы проблемаларын шешудің тиімді тәсілдемелерін қалыптастыру және нарықтық қатынастарға қатысушылар үшін қолайлы ортаны қамтамасыз ету оның сөйлеген сөзінің негізгі тақырыбы болды. Владимир Синкевич цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект тудырған нарықтық ортаның өзгерісіне жедел ден қоюдың маңыздылығын атап көрсетті. Оның сөзінше, бұл мәселелерді ойдағыдай шешу орнықты экономикалық өсудің және халықтың әл-ауқатын арттырудың кепілі болады. "Біз жинақталған тәжірибемен бөлісуге, бастамаларды талқылауға және ЕАЭО мен АСЕАН өңірлерінде тұтынушылардың мүдделерін қорғау бойынша ортақ міндеттерді шешуге ықпал ететін өзара іс- қимылдың жаңа механизмдерін құруға дайынбыз", — деп атап өтті Владимир Синкевич. АСЕАН Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Роннаронг Пхулпипатпен бірге Владимир Синкевич 2025 жылғы қыркүйекке жоспарланған салалық семинар бағдарламасын ұсынды. Алдағы іс-шара сауда және қызмет көрсету саласын цифрландыру жағдайында тұтынушылардың мүдделерін қорғау, жосықсыз практикаға қарсы іс-қимыл және дауларды шешудің тиімді механизмдерін құру мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді. Семинар ЕАЭО және АСЕАН мемлекеттерінің уәкілетті органдарының өкілдерін тартады және тәжірибе мен озық практика алмасу үшін платформа құруға мүмкіндік береді.
Тағы да көрсету