Жаңалықтар

10.06.2024

Максим Ермолович ПХЭФ-2024 бірнеше алаңында сөз сөйледі

6 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрі Максим Ермолович «ЕАЭО биржалық тауар нарығы: интеграция драйвері ретіндегі баға индикаторлары» сессиясына қатысты.

Іс-шарада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен бақылаушы елдерде баға индикаторларының ұлттықтан жоғары жүйесін құру идеясын іске асыру талқыланды.

«Бестік» елдерінің нарығында айналымда болатын тауарлардың, ең алдымен шикізаттың көлемі мен номенклатурасы қазірдің өзінде баға индикаторларының ұлттықтан жоғары жүйесін құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді ЕЭК министрі. 

Сессия қорытындысы бойынша Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан тауар-шикізат биржаларының басшылары тауар нарықтары индикаторларының халықаралық биржалық жүйесін құру туралы келісімге қол қойды.

7 маусымда Максим Ермолович «Маркетплейстерді реттеу: даму қажеттілігі немесе жаңа ынталандыру» сессиясында сөз сөйледі.

«Реттеу шаралары трансшекаралық нарықтарда кедергілердің туындауына және бәсекелестік ережелерінің бұзылуына әкеп соқпауы тиіс. ЕЭК бәсекелестік жөніндегі блогы Одақ нарығындағы маркетплейстерді реттеу жөніндегі жұмыстың үйлестірушісі болуға дайын», – деп атап өтті министр.

 Сессияға қатысушылар e-commerce нарығын реттеу қажеттілігі туралы негізгі қорытындыны қолдады. Бұл ретте реттеуші нормаларды енгізу кезінде нарықтың барлық қатысушыларының, оның ішінде сатушылардың, сатып алушылардың, тапсырыс беру пункттері мен маркетплейстердің мүдделерінің балансын сақтау қажет, бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және қолайлы бағамен кең таңдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.