Жаңалықтар

25.02.2022 (Обновлено: 21.03.2022 12:32)

Үкіметаралық кеңес ЕАЭО-ның жекелеген жобалары бойынша жұмысқа Өзбекстанның қатысуын қолдады

Еуразиялық үкіметаралық кеңес Өзбекстан Республикасының өзара мүдделі бағыттар бойынша Еуразиялық экономикалық одақ жұмысына қатысуды кеңейту туралы бастамасын құптады. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасына Одақ елдерімен бірлесіп, ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттердің жекелеген жобалар бойынша өзара іс-қимылының форматы мен алгоритмін сипаттау тәртібін әзірлеу тапсырылды.

«Өзбекстан төрт бағыт: климаттық күн тәртібі мәселелері, жүк теміржол тасымалдарын цифрландыру, электрондық сауда, «Еуразиялық агроэкспресс» бойынша жұмысқа мүдделілік білдірді»,- деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.
Ол Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2021 жылғы 14 қазандағы және 10 желтоқсандағы отырыстарында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің өзара сауданы арттыру мүддесіне орай ынтымақтастықты жандандыруды ұсынғанын да еске салып өтті.

Анықтама

Өзбекстан Республикасына ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 14 шешіміне сәйкес берілді.

2016-2021 жылдары Өзбекстанның Одаққа мүше мемлекеттермен жалпы тауар айналымы 2,5 еседен астам - 4,5 млрд доллардан 11,6 млрд долларға дейін өсті.