Жаңалықтар

23.12.2021

ЕЭК қандай жұмыстар жүргізеді: ЕАЭО-да роумингтің күшін жою, цифрлық нарықтардағы тергеп-тексеру, мемлекеттік сатып алу

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі Арман Шаққалиев «Қазақпарат» ХАА-ға эксклюзивті сұхбатында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде роумингтің күшін жоюға қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді, Комиссияның цифрлық нарықтардағы тергеп-тексерулері және мемлекеттік сатып алуды цифрландыру шеңберіндегі жұмыстары жайында айтты. ЕАЭО-да роумингтің күшін жою. ЕЭК Кеңесі 2021 жылғы 29 қазанда
ЕАЭО мемлекеттерінде роумингтің әділетті тарифтерін ендіру жөніндегі жоспарды қабылдау туралы мәселені қарады. Арман Шаққалиев бұл жоспардың нақты қандай шараларды кірістіретіні туралы сұраққа жауап беріп, оны іске асырудың кезеңдері туралы айтып берді.

«Роумингтің күшін жою — айтылып жүрген тақырып, ол қарапайым азаматтардың қажеттілігіне бағытталған. Бұл қонаққа бару және сол кезде үйдегі тариф бойынша сөйлесу. Егер әлемдік практикаға қарасақ, іс жүзінде бүкіл әлемде роумингтің күші жойылуда. Мысалы, Еуропада, Анд қоғамдастығында (2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күші жойылады), Оңтүстік Африка қоғамдастығында, Солтүстік Америкада роумингтің күші жойылған.Осы жоспарды қарай отырып, біз оны барлық мүдделі тараптармен: операторлармен де, мемлекеттік органдармен де бірге талқыладық. Бұған күдікпен қарау, сұрақтар көп болды. Түйінді күдіктің көпшілігі экономикалық орындылығына, қаржы операторларында пайда болуы мүмкін шығындарға қатысты болды. Мемлекеттік реттеушілерде бұл мәселені техникалық іске асыруға, заңнамадағы айырмашылыққа байланысты сұрақтар пайда болды», — деді Арман Шаққалиев сұхбат барысында.

Солай болса да, Комиссия іс-шаралардың үш негізгі мәселені шешетін
икемді әрі теңдестірілген жоспарын дайындады.

«Біріншіден, роуминг мәселесін қараған кезде fraud деп аталатын алаяқтық жағдайлары бар. Бұл SIM-box деп аталатын пайдаланылатын алаяқтық: қай жерде тариф төмен, қоңырау сол желі бойынша жүреді. Біз арнаулы жұмыс тобын құрдық. Интерконнектте алаяқтықтың болмауы үшін техникалық жағынан қалай іске асыру керектігі жайында дәл түсінік бар», — деп түсіндірме берді спикер.

Екінші сұрақ адал практикаға байланысты болды.

«Мысал үшін, егер Қазақстан азаматы Ресейде болса, ол онда қанша болуға тиіс: 30, 60, 90 күн? Осы мәселенің бәрі талқыланды. Бірақ біз болуы бойынша айқындалған талаптар қажет және олар біріздендірілуге тиіс деген тұжырымға келдік. Бұған да операторлар тікелей қатысады. Үшіншіден, ең зәру мәселе – ставка, дәлірек айтқанда, халықаралық трафиктегі интерконнект ставкасы. Біз Ресей мен Беларусь тәжірибесін негізге алдық. Мысалы, ресейлік және белорустық операторлар арасындағы көрсетілетін қызметтер құны 2-3 Ресей рублі төңірегінде құбылып тұрады (абоненттер үшін роумингте көрсетілетін байланыс қызметтерінің түпкі құны — 5 рубль). Әрине, уақытша тарификация бойынша да сұрақтар болды, біз бірнеше кезең бойынша іс-шаралар дайындадық», — деп түсіндірме берді Арман Шаққалиев.

Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесінің ақпараты бойынша, ЕАЭО-дағы роумингтің күшін 2025 жылға қарай жою жоспарлануда.

«Бұл мәселенің күрделілігін ескере отырып, біз өзіміз үшін ЕАЭО елдері аумағында роумингте көрсетілетін ұялы байланыс қызметінің тарифтері 2025 жылға қарай «үйдікіне» жақындайтын болады деп айқындадық. Алыс сияқты болғанмен, уақыт тез өте шығады. Еуропалық одақ он жыл жүрді, басқа елдер де белгілі бір уақыт жұмсады. Ең бастысы – мәселе орнынан қозғалды деп есептейміз. Бүгінде біз операторлармен бірге тарифтің құнын азайтуға, тарифтік ставканы үйдегі тарифке барынша жақындатуға қарай жүріп келеміз. Қазақстанның Премьер-министрі Асқар Маминнің бастамасы іске асырылады, тіпті мерзімінен бұрын іске асырылатын болады», — деп түсініктеме берді «Қазақпарат» қонағы.

Цифрлық нарықтардағы тергеп-тексерулер. Осы жылы Комиссия цифрлық нарықтарда үш бастамашылық тергеп-тексеруді бастады.Бүгінде тергеп-тексерулер аяқталды. Ол бәсекелестік саласында қазір қандай проблемалар бар екенін түсіндіріп өтті.

«Тергеп-тексеру жүргізуге қатысты қиындық бәсекелестіктің жай-күйін бағалау әдіснамасында болды. Біз көп дәрежеде дәстүрлі тауар нарықтарының аясында ұшталған әдіснаманы пайдаланамыз және практикада цифрлық нарықтардың географиялық және өнімдік шекараларын айқындаудың кейбір ерекшеліктеріне тап болдық. Солай болса да, тергеп-тексеру жүргізу кезінде қолданыстағы нормативтік құқықтық базаны ұстану қажеттігін, алайда бұл ретте цифрлық нарықтардың өзіндік ерекшеліктерін де ескеру керектігін түсінеміз», — деп атап өтті Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі Арман Шаққалиев.

Спикер үш тергеп-тексерудің нәтижелерін айтып өтті. Бірінші тергеп-тексеру жеңіл таксилердің жолаушыларды және жолжүкті тасымалдауымен біріктірілген сұраныстың деректерін беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге қатысты болды.

«Бүгінде бәріміз таксиді пайдаланамыз. Біз тергеп-тексеру өткізген кезде жаңа шаруашылық жағдайларының шындығы объективті ме деген мәселені түсінуге тырыстық. Біз такси парктерінен кеттік, таксистердің бәрі бірдей бұған риза бола қойған жоқ. Олар бұрын жақсы еді, делдалдар болған жоқ, тікелей бізге телефондап тапсырыс берілетін деп есептейді. Тұтынушылар такси паркінің қажеті жоқ деп санайды. Такси паркі — өткенге оралу: бұл ыңғайсыз әрі экономикалық жағынан пайдасыз. Пікірлер әрқилы. Такси агрегаторлары нарығының бірегейлігі – жолаушы тасымалына сұраныстың агрегациясы жөнінде көрсетілетін қызметтің өзі цифрлық платформаның көмегімен көрсетіледі. Бір елде цифрлық платформаның көмегімен өз қызметтерін көрсететін такси агрегаторлары қызметтерін басқа елде де көрсете алады және үшінші елдердің аумағында тіркелген осы тәрізді агрегаторларды тергеп-тексеру барысында өз тарапымыздан анықтадық. Тиісінше жеңіл таксилердің жолаушыларды және жолжүкті тасымалдауына арналған агрегацияланған сұраныстың деректерін беру жөніндегі көрсетілетін қызметтері трансшекаралық болып табылады», — дейді ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі.

«Алайда таксимен жолаушылар және жолжүгін тасымалдау қызметін көрсетудің өзі көпшілік жағдайда өңірлік географиямен сипатталады және шектеледі, өйткені көрсетілетін қызметтердің орындылығы ықтимал жолаушы мен жүргізушінің арасындағы белгілі бір қашықтықпен және жолаушыға автомобильді беру үшін қажет тиісті уақытпен шектеледі. Яғни көп жағдайда бұл нақты қала — Нұр-Сұлтан, Ереван, Мәскеу – немесе басқа бір шағын өңір болуы мүмкін. Сол себепті біз жолаушылар тасымалы мен жолжүгін тасымалдау нарығы трансшекаралық болып табылады деп біржақты әрі анық тұжырымдай алмаймыз. Бұл ретте кейбір агрегаторлардың мінез-құлқында таксимен жолаушылар тасымалдауға бағалар мен тарифтер белгілеу бөлігі бойынша экономикалық қызметті үйлестіру белгілері көрінеді, алайда анықталған агрегаторлар арасынан бір бөлігі Одаққа мүше бір мемлекетте ғана қызметтер көрсетсе, ал екінші бөлігі үшінші елдерде тіркелген шаруашылық жүргізуші субъектілері болып сипатталады. Аталған мән-жайлар нәтижесінде тергеп-тексеру материалдары Одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына ведомстволық бағыныстылығы бойынша жіберілді», — деп түсіндірді А. Шаққалиев.

Сұхбатшы хабардар еткендей, екінші кейс іздеуді берудегі жарнамаға байланысты болды.

«Бірегей, үлкен тергеп-тексеру жүргізілді, көп ауқымды ақпарат сұратуға тура келді. Іздеу сұратуларының нәтижелері бойынша көбінесе бірінші жолға аталған іздеу жүйесімен байланысты сервистер шығады. Бұдан біз не көреміз? Мысалға, егер адам «тамақ сатып алу» деп іздесе, үлестес, іздеу жүйесімен «бір қолшатыр астында» тұратын, байланысты сервистер шыға келеді, яғни аталған сервистерге басымдықпен көріну мүмкіндігі беріледі. Көптеген платформалар (шаруашылық жүргізуші субъектілер – аталған платформалардың иелері — ескертпе) Одақтан тыс жерлерде тұратын біздің елдердің резиденттері емес болып табылады. Бұл ретте тергеп-тексеру барысында бір мүше мемлекеттің аумағында бір шаруашылық жүргізуші субъектінің үстем жағдайы белгіленді, тиісінше тергеп-тексеру материалдары ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына ведомстволық бағыныстылығы бойынша жіберілді», — деді спикер.

Үшінші тергеп-тексеру тиісті операциялық жүйелер базасында мобильді қосымшалар дүкендерінде қандай төлем жүйелері пайдаланылатындығына байланысты болды.

«Тергеп-тексеру барысында белгілі бір төлем жүйелерінің мобильді қосымшаларды әзірлеушілерге бәсекелестікке қарсы практикаларды таңғаны және баламалы төлем құралдарын пайдаланудың техникалық мүмкіндігі жоқтығы атап өтілді. Бұл ретте анықталған барлық шаруашылық жүргізуші субъектілер үшінші елдердің құзырындағы субъектілер болып табылады. Біз оларды (жауапқа – ескертпе) тарта алмайтын, құзыретіміз болмайтын заң шырмағы пайда болады. Шын мәнінде бұл біздің түзетуімізге тура келетін елеулі құқықтық проблема. Себебі импорттық платформалар үшін тең емес шарттар бар, олардың трансшекаралық нарықта бұзушылығы болуы мүмкін, бірақ оларға бұл үшін ештеңе болмайды. Бүгіннің өзінде біз қажетті өзгерістерді дайындаудамыз, бірақ ол бұл мәселелер жауапсыз қалады деген сөз емес. Біз тергеп-тексеру материалдарын бағыныстылығы бойынша ұлттық уәкілетті органдарға жібердік, олар өз құзыреттерін іске асыра алады және жауапкершілікке тарту мүмкіндігіне ие. Бұдан тиісті тұжырымдар жасадық. Ең бастысы – бұзушылардың түзелуіне қол жеткіздік, олар өздерінің сауда-өткізу саясатын, көрсетілетін қызметтерінің корпоративтік саясатын алмастыруда. Проблема көтерілуде», — деп сендірді Арман Шаққалиев.

Бұл кейстердің бәрі — заңдық маңызы бар іс-әрекеттер, олар ЕЭК жұмысында нені жақсарту керектігін көрсетеді.Осы жылы Комиссия ЕАЭО-ның нормативтік базасын жетілдіру жөніндегі тиісті тұжырымдарымен және ұсыныстарымен цифрлық нарықтардағы бәсекелестікті реттеу бойынша шолу дайындады.

Мемлекеттік сатып алуды цифрландыру. Бұл жыл ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуы үшін айтулы жыл болды. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу мақсаты үшін өнеркәсіптік тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидалары қолданыла бастады. Біздің өндірушілеріміз бен бизнес үшін мемлекеттік сатып алу несімен қызықты? Арман Шаққалиев аталған сұраққа жауап берді.

«Оларға (мемлекеттік сатып алуға – ескертпе) қатысу мүмкіндігімен. Олар үшін ең бастысы – тең бәсекелестік шарттарынң болуы, сондай-ақ қарапайым рәсімдердің қолжетімді болуы. Жасыратыны жоқ, Одақ елдерінде осындай шарттар әрдайым болды деп айтуға болмайды. Барлық заңнама өзара келісулі болуы үшін біз қағидалар дайындадық. Ең басты аспект — тауардың Одақ аумағында өндірілуі», — деп әңгімеледі Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі Арман Шаққалиев.

«Біз өндірушілермен келіскен операциялар тізбесі өнеркәсіптік кооперация туралы айту мүмкіндігін береді. Мысалы, автомобиль – құрауыштары өте көп елеулі бұйым болып табылады. Бұл жерде дәнекерлеу, сырлау бар, құрауыштар ресейлік болуы мүмкін, аккумулятор, радиатор және басқа құрауыштар біздің елден шығарылуы мүмкін. Жиынтығы бойынша, белгілі бір балл санын жинай отырып, сіз осы қағидалардың талабынан өтесіз, сараптама актісін аласыз, Өнеркәсіп тауарларының тізіліміне енесіз, сіз мемлекеттік сатып алуға тікелей қол жеткізесіз. Қарапайымдылық неге негізделген? Талаптардың түсініктілігіне, біркелкілікке, мерзімдеріне. Ең бастысы – барлық рәсімді электрондық форматта жасауға болады. Қағидалар шын мәнінде серпілісті, қазір нәтижесін сезіну мәселесі тұр. Бізде бес ел – бес жеткізуші бар. Бұл жақсы, байсалды бәсекелестік, бұл баға мен сапа бойынша таңдау жасауға мүмкіндік береді. Одақ тауар ағынының еркіндігін қамтамасыз ету үшін құрылған. Тізілімдегі қатысушылар саны арта түсетініне сенемін. Орайлы сәтті пайдаланып, біздің өндірушілеріміздің назарын осы мүмкіндіктерді пайдаланып қалуға аударғым келеді», — деді Арман Шаққалиев.

Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық. Еуразиялық экономикалық комиссия халықаралық бағытта да жұмыс істейді. Спикер ЕЭК-те басқа халықаралық ұйымдармен қандай жұмыс бірлесіп жүргізілетінін жайында айтып берді.

«Биыл, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында, Қазақстан Одақтың барлық органдарында – мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары кеңесте, Үкіметаралық кеңесте төрағалық етеді. Төрағалық етуші тарап ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы өнім өткізу мүмкіндігі пайда болуы үшін, біздің экономикалық прагматизм қағидаларында өзара іс-қимылымыздың таралу аймағы мен географиясын кеңейтуіміз үшін халықаралық ұйымдармен ынтымақтасу міндетін алға қойды. Бұл еркін сауда аймағы, Израильмен байланысты мәселе пысықтаудан өтуде, Иранмен еркін сауда аймағы өзектілендірілуде», — деп атап өтті спикер.

«Осы жылы біз Халықаралық бәсекелестік жүйесінің толық құқылы қатысушысы болдық. Бұл бізге тергеп-тексерулердің тиімділігіне арнап өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. ЮНКТАД (БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы – ескертпе) — біз бірқатар маңызды бастамалар туралы, соның ішінде трансұлттық картельдермен күрес жөнінде мәлімдеген маңызды алаң. Картельдер – теріс құбылыс, олармен жаһандық деңгейде күресу керек. Сондай-ақ ЭЫДҰ-мен (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы – ескертпе) ынтымақтастықтамыз. ЭЫДҰ шолуы өткізілді. Біз өте қарқынды, жемісті жұмыс істедік. Бұл шолудың жақсылығы — жүйенің қаншалықты тиімді құрылғанын көрсететін басқа тараптың көзқарасы. Біз жұмыста ескерілетін тиісті ұсынымдар аламыз. Халықаралық ынтымақтастық туралы сөз еткен кезде, бәрінен бұрын, экономика үшін беретін мүмкіндіктер туралы айтуымыз керек.Өзбекстан мен Куба ЕАЭО-дағы байқаушы мәртебесін алды. Осыған байланысты Комиссия сыртқы әріптестермен өзара іс-қимылда өз мүдделерін ілгерілету үшін әртүрлі форматты белсенді пайдаланады», — деді Арман Шаққалиев.

«Халықаралық ынтымақтастық туралы сөз еткен кезде, бәрінен бұрын, экономика үшін беретін мүмкіндіктер туралы айтуымыз керек.Өзбекстан мен Куба ЕАЭО-дағы байқаушы мәртебесін алды. Осыған байланысты Комиссия сыртқы әріптестермен өзара іс-қимылда өз мүдделерін ілгерілету үшін әртүрлі форматты белсенді пайдаланады», — деп атап көрсетті А. Шаққалиев әңгіме барысында.

ЕАЭО 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Әңгімелесу соңында Арман Шаққалиев Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары ішіндегі интеграциялық тректегі жетістіктерін атап өтті. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан көп нәрсеге қол жеткізді. Nur Otan партиясының саяси кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көп векторлықты, экономикалық прагматизмді және елдің ашықтығын дәл белгілеп көрсетті. Арман Шаққалиев айтқандай, біздің еліміздің көршілерімен шекара саласында да, сол сияқты басқа салалардағы қатынастарының да толық жолға қойылғаны түйінді жетістік болып саналады.

«Ең басты жетістік – ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы. Ол Еуразиялық экономикалық одақты құруды ұсынды. Біз нені басшылыққа аламыз? Біріншіден, бұл өткізу нарығы, біздің транзиттік әлеуетімізді іске асыру мүмкіндігі. Бізде бестік елдерімен тауар айналымы елеулі артты, Одақ құрылған сәттен бастап тауар айналымы 25% артты, бұл шамамен 20 млрд долларды құрайды. 2021 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Одақ елдеріне экспорт 38% өсті. Тауарлардың еркін қозғалысы бірыңғай техникалық реттеудің, тауарлар қауіпсіздігінің есебінен қамтамасыз етілуде. Тосқауылдарды жою жөнінде байсалды жұмыс жүргізілуде, бүгінде тосқауылдардың 80%-ы жойылды. Айтпақшы, Қазақстанның — Премьер-Министр Асқар Маминнің бастамасы шеңберінде жаңа әдіснама қабылданды, проблеманы қарау мерзімі 70 күн құрайды, бұл өз тиімділігін беруде», — деп түсіндіре өтті спикер.

Көлік-транзит әлеуетіне қатысты келгенде, контейнерлік тасымалдар 38% артқанын атап өтуге болады. Спикер құрылықтық маршруттардың да маңызын айтып өтті.

«Суэц каналындағы кептелістің салдарын бәріміз де көрдік. Бүгінде құрылықтық, теміржол тасымалдарының өзектілігі өсуде. Қазақстанда «Нұрлы жол» сияқты ауқымды жобалар іске асырылуда, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік дәлізі бар. Біздің сақтаумен, тасымалдаумен байланысты шығындарды қысқарту мақсатында көтерме-тарату орталықтарын құру жөнінде осы жылғы өте байсалды бастамаларымыз бар. Транзиттік әлеуетті арттыру — елеулі жетістік. Атап айтқанда, «Шекарасыз жұмыс» цифрлық жобасы іске қосылды, соның шеңберінде 50 мың пайдаланушы тіркелді, шамамен 3 мың адам жұмысқа орналастыру жөнінде нақты ұсыныс алды. Адамдардың еркін жүріс-тұрысын қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру — Одақтың түйінді жұмысы, бұл жоба адамдар үшін құрылған», — деп түйіндеді Арман Шаққалиев.