тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Выберите язык
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 6743

11 шілденің 2025 ЕАЭО елдері азаматтық авиациядағы пилотсыз авиациялық жүйелерді пайдалану мен реттеу перспективаларын талқылауда "Азаматтық авиациядағы пилотсыз авиациялық жүйелер: перспективалар, сыни шақырыстар және реттеу" дөңгелек үстелінің қатысушылары пилотсыз авиациялық жүйелердің (ПАЖ) жай-күйі мен азаматтық мақсаттарда пайдалану перспективаларын, пилотсыз ұшу аппараттарын (ПҰА) пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті талқылады. Іс-шара 10 және 11 шілдеде Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошевтің төрағалық етуімен болып өтті. "Жаһандық цифрландыру және тиімді логистикалық шешімдерге сұраныс жағдайында пилотсыз технологиялар қауіпсіздікті арттыру, шығындарды азайту және көліктің функциялығын кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынады", — деп атап өтті Арзыбек Кожошев. Іс-шара шеңберінде қазіргі жағдайда ПАЖ саласындағы қызметті реттеу мәселесі бойынша тәжірибе және халықаралық практика ауысу болып өтті. Тақырыптама бойынша халықаралық реттеудің өзекті тақырыптары мен мәселелерін азаматтық авиация жөніндегі халықаралық ұйымдардың: Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО), Мемлекетаралық авиация комитетінің (МАК) және Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (ИАТА) өкілдері таныстырды. Іс-шараның қорытындысы бойынша жасанды интеллекті қоса, ұшу қауіпсіздігі, цифрлық технологиялардың рөлі және т. б. бойынша нормативтік актілерді үндестіру жөнінде тұжырымдары мен ұсынымдары бар қарар дайындалды.
11 шілденің 2025 ЕАЭО елдері өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуда ЕЭК бейінді министрі Гоар Барсегянның төрағалығымен өткен Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп жөніндегі консультативтік комитетінің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдері экономикасының нақты секторының бірқатар өзекті мәселесі қаралды. Атап айтқанда, Комиссияның Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын іске асыру мониторингінің нәтижелері туралы баяндамасы мақұлданды, ЕАЭО мемлекеттерінің өнеркәсіптік өнімнің негізгі түрлері бойынша 2023 және 2024 жылдарға, сондай-ақ екі болжамды кезеңге — 2025 және 2026 жылдарға арналған сұранысы мен ұсынысының жиынтық болжамды теңгерімдері келісілді. Өнеркәсіпте кооперациялық жобаларды қаржылай қолдаудың ұлтүсті механизмін іске асыру талқыланды. "Комитет мүшелері өнеркәсіптік субсидиялар саласындағы жұмысты оңтайландырудың және ЕАЭО туралы шарттың жекелеген ережелерін осындай жоспарланған субсидиялар туралы ақпарат беру бөлігінде түзетудің ықтимал механизмдерін талқылады", – деп атап өтті Гоар Барсегян.
11 шілденің 2025 Қайта өңдеудің кедендік рәсімі өнеркәсіптік кооперацияға және ЕАЭО елдірінің экспортына көмектеседі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қайта өңдеудің кедендік рәсімін қолдану өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды және мүше мемлекеттердің экспортын ынталандырады. Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Виталий Вовк мұны ЕЭК алаңында болып өткен осы тақырып бойынша семинарда атап көрсетті. Виталий Вовктың сөзінше, шетелдік тауарларды кедендік баждар мен салықтарды төлеуден уақытша босата отырып пайдалануды көздейтін мұндай кедендік рәсім Одақта өндірістік процестерді жетілдіруге және тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі. Шын мәнінде, ол Еуразиялық "бестік" елдерінің интеграциялық әлеуетінің маңызды элементтерінің бірі болып табылады. "Комиссияның Одақ мемлекеттері басшыларының жоғары технологиялық өнімді өндіру кезінде өз құзыреттері мен технологияларын дамыту және оның үшінші елдерге экспортын ұлғайту жөніндегі бастамаларын іске асыруы үшін біздің интеграциялық әлеуетіміздің толық пайдаланылғаны жөн. Бұл өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі күш-жігерді шоғырландыру және бәсекеге қабілетті өнім шығарудың жаңа тиімді механизмдерін әзірлеу үшін қажет", — деп атап өтті Виталий Вовк. Семинарда қайта өңдеудің кедендік рәсімін практикалық қолдану мәселелеріне, оны Одақ мемлекеттерінің кеден органдарының іске асыруының әкімшілік аспектілеріне, өндірушілер мен экспорттаушылар үшін артықшылықтарға айрықша назар аударылды. Аталған рәсім белсенді қолданылатын немесе қолданылуы мүмкін өнеркәсіп салаларының қатарына қозғалтқыш өндірісін, металлургияны, фармацевтиканы, ағаш өңдеуді, химия өнеркәсібін, жеңіл өнеркәсіпті және басқа бірқатар саланы қоса, авиация және кеме жасау, теміржол машиналарын жасау, автомобиль жасау жатады. Аталған салалардағы кооперациялық жеткізілімдер динамикасын талдау ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және үшінші елдердің нарықтарына жоғары технологиялық өнімдер экспортын кеңейту жолында елеулі әлеует бар екенін айғақтайды. Семинар "Ресей экспорттық орталығы" компаниялар тобының жәрдемдесуімен ұйымдастырылды. Оған ЕАЭО елдерінің уәкілетті мемлекеттік органдарының, ұйымдарының, салалық қауымдастықтарының, бизнесінің 130-дан астам өкілі қатысты.
10 шілденің 2025 Бақыт Сұлтанов жасанды интеллект және авторлық құқық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Женевадағы штаб-пәтерінде ДЗМҰ-ға мүше мемлекеттер ассамблеясының бірқатар отырысына қатысты. Жасанды интеллекті дамытуға және авторлық құқықты, тауар белгілерін, географиялық көрсеткіштерді және зияткерлік меншіктің басқа да объектілерін қорғау саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіруге қатысты мәселелер қаралды. Ассамблея алаңында ЕЭК министрінің ДЗМҰ Өтпелі және дамыған экономикасы бар елдер департаментінің директоры Хабиб Асанмен кездесуі болып өтті. Тараптар бұрын қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде Комиссия мен ДЗМҰ өзара іс-қимылының нәтижелерін талқылады. Соның ішінде ДЗМҰ өкілдерінің алдағы 2025 жылғы қазандағы "Антиконтрафакт" халықаралық форумына, сондай-ақ Комиссия өкілдерінің ДЗМҰ тұрақты комитеттері мен жұмыс топтарының жұмысына қатысу мүмкіндігі расталды. "ЕАЭО елдерінде зияткерлік меншіктің тиімді жүйесін қалыптастыру жөніндегі жұмыста Комиссия бүкіл әлем бойынша зияткерлік меншік құқықтарын сақтауға жәрдемдесетін халықаралық ұйым ретінде ДЗМҰ-ның ауқымды тәжірибесіне сүйенеді", — деп атап өтті Бақыт Сұлтанов. Бұдан басқа, ЕЭК министрінің Беларусь Республикасы Ұлттық зияткерлік меншік орталығының бас директоры Алексей Курманмен және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің төрағасы Шолпан Әбдіреевамен кездесуі болып өтті. Тараптар зияткерлік меншік саласында жүйелі өзара іс-қимыл құру, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің алдында тұрған міндеттерге сәйкес, соның ішінде "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясын іске асыру шеңберінде интеграциялық әлеуетті ілгерілету мәселелерін талқылады. ДЗМҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің мамандандырылған мекемесі, 194 мемлекет оның мүшесі болып табылады. ДЗМҰ қызметі зияткерлік меншіктің теңдестірілген және тиімді халықаралық жүйесін дамытуға арналған. Зияткерлік меншік саласындағы ағымдағы жаһандық жағдайды қарау мақсатында жыл сайын Ассамблея отырыстары өткізіліп тұрады. 2019 жылы ЕЭК пен ДЗМҰ арасында Өзара түсіністік туралы меморандум жасасылды.
10 шілденің 2025 ЕАЭО мен Индонезия еркін сауда туралы келіссөздерді аяқтады Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев пен Индонезия Республикасының экономикалық мәселелер жөніндегі үйлестіруші министрі Айрлангга Хартарто еркін сауда туралы келісім жасасу жөніндегі келіссөздердің аяқталғаны жайында хабарлады. Тараптардың диалогы БКБ режимінде өтті. "Еуразиялық экономикалық одақ қарымды достас елдермен экономикалық әріптестік желісін дамытуды жалғастыруда. Ал Индонезияның БРИКС мүшесі әрі Оңтүстік Шығыс Азияның халқы 300 млн адамға жақындайтын ірі экономикасының бірі болып табылатыны белгілі", – деп атап өтті Андрей Слепнев. ЕЭК министрі әріптестің тарапынан Еуразиялық "бестік"мемлекеттерімен ынтымақтастыққа деген дәстүрлі қызығушылық бар екенін еске салды. Атап айтқанда, 2023 жылы II Еуразиялық экономикалық форум аясында Мәскеуде "ЕАЭО-Индонезия" ауқымды бизнес-диалогы болып өтті. "Баждардың төмендеуі абсолютті түрде ЕАЭО-ның Индонезиямен саудасының шамамен 3 миллиард долларына әсер етеді. Келісім күшіне енгеннен кейін таяудағы 3-5 жыл ішінде біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе артады деп санаймыз. Индонезияға ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп топтарының тауарлары бойынша жеткізілімдердің айтарлықтай өсуін күтеміз", — деп атап көрсетті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі. Андрей Слепневтің сөзінше, ЕАЭО Индонезия нарығында, мысалы, полимерлер, тыңайтқыштар, энергия тасымалдаушылар, карьерлік самосвалдар, құбырлар, металдар және түсті металдардан жасалған өнімдер сияқты позицияларға, электр және механикалық жабдықтардың кең номенклатурасына преференциялы қол жеткізе алады. Сөз бидай, ұн, құрғақ сүт, кондитерлік өнімдер, ірі қара малдың халал еті, құс жеткізу жайында да болып отыр. Келісім оған қол қойылғанға дейін мемлекетішілік келісудің тиісті рәсімдерінен өтуге тиіс.
09 шілденің 2025 Гоар Барсегян: "ЕЭК өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуді дәйекті түрде жақтайды" Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян  Екатеринбургте "Иннопром" халықаралық өнеркәсіптік көрмесін аралап, оның жұмысына, соның ішінде "Технологиялық көшбасшылық: индустриялық серпіліс" бас стратегиялық сессиясына қатысты. Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрі Антон Алихановтың және ірі өнеркәсіп компаниялары басшыларының қатысуымен өткен іскерлік таңғы аста Гоар Барсегян: "Еуразиялық экономикалық одақ елдері бизнесінің үйлесімді жұмысы түйінді рөл атқарады. Тұтынушыға бағдарлану және нарықтағы өзгерістерге жедел ден қою қабілеті бизнес-қоғамдастыққа ЕАЭО шеңберінде ауқымды міндеттерді шешуге көмектеседі. Комиссия кәсіпкерлердің өз әлеуетін жақсырақ аша алатын жағдай жасау жолында дәйекті түрде жұмыс істеуде", — деп атап өтті. Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің Өнеркәсіп министрлерінің кеңесінде Еуразиялық кеңістіктегі бірлескен жұмыстың келешегі талқыланды. "Комиссия өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуді, технологиялар алмасуды және тиімді интеграциялық байланыстарды қалыптастыруды дәйекті түрде жақтайды. Біз салалық бастамаларды ілгерілетуге, бірлескен жобаларды іске асыруға және ШЫҰ елдерімен технологиялық тәжірибе ауысуға мүдделіміз", — деп атап көрсетті Гоар Барсегян. Ол сондай-ақ Беларусь Өнеркәсіп министрі Андрей Кузнецовпен ЕАЭО-да қаржылық қолдау механизмін және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері бойынша жұмыс кездесуін өткізді. Сонымен қатар, "Иннопром" іс-шаралары шеңберінде Гоар Барсегян жарықтандыру тіректері мен шырағдандар шығаратын "Энерго-Арсенал" зауытына барды. Кәсіпорын Одақта 2024 жылы іске қосылған кооперациялық жобаларды қолдаудың ұлтүсті бағдарламасының әлеуетті қатысушысының бірі болып табылады. "Иннопром" 2025 жылғы 29 қыркүйек — 1 қазан аралығында өз жұмысын Минскіде жалғастырады. Сол жерде ЕАЭО Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің отырысы өтеді.
09 шілденің 2025 ЕАЭО өндірушілері өнеркәсіптік тауарларының мемлекеттік сатыпалымға қол жеткізу мүмкіндігі кеңейтілді Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 2020 жылы ЕЭК Кеңесі бекіткен Мемлекеттік (муниципалдық) сатыпалым мақсаттары үшін тауардың жекелеген түрлерінің шығарылған елін айқындау қағидаларына өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, Қағидалар құбырлар, лазерлер, микродисплейлер үшін өндіріс талаптарымен, медициналық бұйымдардың, оптикалық құралдардың, жылжымалы теміржол құрамы мен инфрақұрылымы компоненттерінің жаңа тауарлық атауларымен, химия өнеркәсібі тауарларымен толықтырылды. Атап өтсек, бұл ЕАЭО елдерінде енгізілген преференциялар, шектеулер мен тыйымдар жағдайында мемлекеттік сатыпалымдағы ұлттық режимді кеңейтуге бағытталған 2025 жылғы өзгерістердің екінші пакеті (Қағидалар мамыр айында мемлекеттік сатыпалымға қатысуға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін 51 тауар атауымен толықтырылды). Қабылданған актілер ЕАЭО мемлекеттерінің өндірушілерінің өздері және өз тауарлары туралы мәліметтерді Еуразиялық өнеркәсіптік тауарлар тізіліміне кіргізуіне және мемлекеттік сатыпалымға кедергісіз қатысына мүмкіндік береді. Қағидаларда мемлекеттік сатыпалым мақсаттары үшін тауарлардың шығарылған елін айқындауға және растауға қатысты бірыңғай тәсілдеме енгізілді. Мемлекет отандық жеткізушілер үшін преференциялар белгілеген немесе шетелдік тауарлар үшін шектеулер енгізілген жағдайларда бұлар мемлекеттік сатыпалымда ұлттық режимді қамтамасыз етуге көмектеседі. ЕЭК Кеңесінің шешімі ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң өзгерістер күшіне енеді. Комиссия сайтында "Бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатыпалым саласындағы саясат департаменті" бөліміндегі "Жиі қойылатын сұрақтарға сұрақ-жауап" қосымша парағында тауар және оның өндірушісі туралы мәліметтерді Еуразиялық өнеркәсіп тауарлары тізіліміне кіргізу тәртібі, Комиссияның осындай мәліметтерді кіргізуге өтінімді қарау алгоритмі туралы анықтамалық ақпарат жарияланған.
09 шілденің 2025 Комиссияның құпиялы ақпаратты ведомстволық бағыныстылығы бойынша беру рәсімі оңайлатылды Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі ЕЭК-те таралуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібіне өзгерістер енгізді. Бұл құжат, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу мәселелеріне қатысты. Енді бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу туралы өтініште немесе осыған байланысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру материалдарында қамтылуы мүмкін құпиялы ақпарат Комиссияның бейінді министрінің шешімі бойынша мүше мемлекеттердің монополияға қарсы органдарына берілетін болады. Бұған дейін мұндай шешімді ЕЭК Алқасы қабылдайтын, бұл ЕАЭО елдерінің монополияға қарсы органдарына ведомстволық бағыныстылығы бойынша материалдарды әрдайым жедел беруге мүмкіндік бермеді. Бұл Одақтың бәсекелестік құқығының бұзылу белгілеріне жедел ден қою процесін баяулатты. Комиссияның бәсекелестіктің жалпы қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезінде құпиялы ақпаратты қорғау тәртібі 2014 жылғы Құпиялы ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауапкершілік туралы келісіммен қамтамасыз етіледі. Ведомстволық бағыныстылығы бойынша материалдарды беру Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (ЕАЭО туралы шартқа № 19 қосымша) тармағында көзделген.
Тағы да көрсету