Жаңалықтар

11.12.2024

Кедендік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі кеңес: ЕАЭО цифрлық технологиялар жолында

Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің басшылығымен өткен кедендік өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі кеңеске қатысты.

ЕЭК министрі кеңеске қатысушыларды өткізу пункттерінің жұмысын ұйымдастыру және жайластыру саласындағы үздік әлемдік тәжірибелермен, сондай-ақ Комиссияның мүше мемлекеттермен бірлесіп ЕАЭО-ның барлық елдері үшін кедендік инфрақұрылымға қойылатын бірыңғай міндетті талаптарды белгілеу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстармен таныстырды.

«Жалпы алғанда біз өткізу пункттерін жабдықтау және жайластыру бойынша халықаралық тәжірибе бағытында жұмыс істеп жатырмыз, ЕАЭО мемлекеттерінде жақсы іске асырылған кейстер де бар. Біздің міндетіміз – еуразиялық «бестік» елдерінің қазіргі тәжірибесін және үздік әлемдік тәжірибелерді жинақтау, сондай-ақ оларды Одақтың бүкіл аумағында біркелкі қолдануды қамтамасыз ету», – деп атап өтті Руслан Давыдов.

ЕЭК Кедендік ынтымақтастық блогының басшысы тауарлардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін өткізу пункттерінің физикалық инфрақұрылымын бір мезгілде дамыту және цифрлық технологияларды енгізу қажет екенін атап өтті. ЕАЭО аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінің тұсында орналасқан өткізу пункттеріндегі жұмысты басым тәртіппен ұйымдастыру қажет.

Ресей Үкіметінің төрағасы интернетті, үлкен деректерді талдауды және жасанды интеллектті қолдана отырып, цифрлық технологиялар негізінде кешенді техникалық шешімдерді жүзеге асыру қажеттілігін атап өтті. Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы контурында кедендік инфрақұрылымды жайластыру және жаңғырту жөніндегі ЕАЭО елдерінің күш-жігерін біріздендіру және үйлестіру қажеттігі атап өтілді.