Жаңалықтар

13.05.2021

ЕАЭО-да инфляцияның орташа деңгейі 2021 жылғы бірінші тоқсанда 6,7% құрады

2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда инфляция 0,5 пайыздық пункт баяулаған Қазақстаннан басқа, Еуразиялық экономикалық одақтың барлық мемлекетінде жылдық инфляцияның біршама 0,5-2,1 пайыздық пункт жеделдегені байқалады. Бұл Еуразиялық экономикалық комиссияның Макроэкономикалық саясат департаменті жүргізген инфляция мониторингінен көрініп отыр.

Инфляцияның жеделдеуінің негізгі себебі – азық-түліктің әлемдік бағаларының өсуі. Азық-түлік тауарларына инфляцияның жеделдеуі Арменияда, Беларусьта және Ресейде байқалды, бұларда ет және ет өнімдерінің, сондай-ақ картоптың бағасы өсті. Бұл ретте ЕАЭО-ның барлық елінде күнбағыс майы, жұмыртқа, нан және басқа да өнімдер бағасының өсуі жеделдеді.
ЕАЭО-ның барлық елінде азық-түлік емес тауарлардың бағасы өсті. Бұл негізінен мата, киім, трикотаж бұйымдары, құрылыс материалдары, сондай-ақ бензин мен жеңіл автомобиль (Одақтың көптеген елінде) бағаларының өсуіне байланысты болды. Бұдан басқа, COVID-19 аясында Армения мен Беларусьта дәрі-дәрмектерге инфляция жеделдеді (тиісінше 13,3% және 21,8%).

Арменияда, Қырғызстанда және Ресейде қызметтер көрсету секторындағы бағаның өсуі жеделдеді. Беларусьта қызметтер көрсетуге инфляция, оның біршама баяулауына қарамастан, ЕАЭО елдері арасында неғұрлым жоғары деңгейде сақталды. Барлық мемлекетте мәдениет мекемелерінің қызметтер көрсетуіне, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің көпшілігінде — жолаушылар көлігі, білім беру және денсаулық сақтау қызметтерін көрсету бағасының жеделдеуі байқалды.
Қазақстанда инфляцияның жалпы деңгейінің баяулауы азық-түлік тауарлары мен қызметтер көрсету бағаларының өсу қарқыны төмендеуіне байланысты болды.

ЕАЭО-дағы инфляциялық процестердің біршама артуына қарамастан, ЕАЭО елдерінің дер кезінде қабылдаған экономикалық саясат шаралары аясында ағымдағы жылдың соңына қарай жылдық инфляцияның айтарлықтай баяулауы күтілуде.