Жаңалықтар

10.02.2025

ДЗМҰ-да ЕАЭО-дағы зияткерлік меншіктің бұзылуына кешенді шолу ұсынылды

Женевадағы ДЗМҰ штаб-пәтерінде өткен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Құқықтарды қорғау жөніндегі консультативтік комитетінің бейінді сессиясында ЕЭК Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаменті директорының орынбасары Нуржамал Ильясова Еуразиялық экономикалық комиссияның 2024 жылы дайындалған есебі негізінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі зияткерлік меншік саласындағы жылдық құқық қолдану практикасының негізгі нәтижелерімен таныстырды.

2023 жылы ЕАЭО елдерінде зияткерлік меншік саласында 4 667 бұзушылық тіркелді, 5,8 млн контрафактілік тауар анықталды. Бұзушылықтардың басым көпшілігі — 91%-дан астам немесе 4256 жағдай сауда белгілеріне арналған құқықтармен байланысты. Бұдан кейін авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың бұзылуы (шамамен 8% немесе 366 жағдай) және патенттік құқықтардың бұзылуы (0,1% немесе 5 жағдай) тұр.

"Соңғы бес жыл ішінде ЕАЭО елдерінде зияткерлік меншік саласында 46 мыңнан астам бұзушылық анықталды, 60 млн астам контрафактілік тауар алып қойылды", — деді Нуржамал Ильясова.

Комиссия баяндамасында мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары ұсынған ақпарат ескерілгенін атап өткен жөн. ЕЭК солармен бірге осы саладағы жағдаяттың барынша ашық болуы үшін бар күшін салады. Бұл контрафактінің ЕАЭО-ның ортақ нарығына түсуін болдырмау және тиісті салдарды жою үшін неғұрлым тиімді шаралар қабылдауға көмектеседі.

ДЗМҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің мамандандырылған мекемесі, 193 мемлекет оның мүшесі болып табылады. 2019 жылы ЕЭК пен ДЗМҰ Өзара түсіністік туралы меморандум жасасты.

Техникалық көмек көрсету және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында үйлестіруді жүзеге асыру мандаты бар Құқықтарды қорғау жөніндегі консультативтік комитетті ДЗМҰ Бас Ассамблеясы 2002 жылы құрды.