3-4 сәуірде ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Артак Камалян бастаған Еуразиялық экономикалық комиссия делегациясы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде Азаматтық авиация саласындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жұмыс аясында Беларусь мемлекеттік авиация академиясы мен Армения политехникалық университеті және Еревандағы Армения авиациялық оқыту орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою рәсіміне қатысты.
Тараптар бірлескен зерттеулерді жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға, орта арнаулы және жоғары білім беру аясында бірлескен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруға, сондай-ақ аспирантурада жоғары білікті кадрларды даярлауға, әуе көлігі мен оның инфрақұрылымы қызметінде инновацияларды пайдалануды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге, авиация қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде бірлескен бағдарламаларды іске асыруға келісті.
«Келісімдерге қол қою Еуразиялық экономикалық одақ аясында Армения мен Беларусьтің білім беру ұйымдары арасындағы практикалық ынтымақтастықты жандандырудың бастамасы болады. Бүгінгі таңда біздің елдер экономикасының нақты секторына жас мамандар ауадай қажет. Авиация саласына жоғары білікті кадрларды даярлау – бірінші кезектегі міндет», — деп атап өтті Артак Камалян.
Делегация жұмыс сапары аясында азаматтық авиация жасау саласындағы бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыруға қатысуға дайын Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің мүдделі өнеркәсіптік кәсіпорындарының бірыңғай тізбесіне кіретін «Эчмиадзин аспаптар жасау зауыты» ЖАҚ-қа барды. Кәсіпорын басшылығымен авиациялық компоненттер өндіру және кадрлар даярлау саласындағы еуразиялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Анықтама
Одақ мемлекеттерінде азаматтық авиация саласындағы академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру мәселесін зерделеу Еуразиялық үкіметаралық кеңес бекіткен 2022-2023 жылдары аталған саладағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жол картасына сәйкес жүргізіледі.